ЗАҢ МЕН ТӘРТІП - МҰСЫЛМАНҒА МІНДЕТ!

25 тамыз 2025 1392 0
Оқу режимі

Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Уа Иман келтіргендер! Аллаға,оның пайғамбарларына және араларыңнан шыққан басшыларға мойынсұныңдар!» (Ниса сүресі 59 аят) делінеді. Демек, дінде хаос жоқ. Қоғамдық бірлік пен ынтымақты сақтау үшін тәртіпке бағыну басты мәселе. Қазақ халқында: «Екі аққудың бірі басшы!» деген мәтел бар. Яғни екі адам болса да біреуі екіншісіне мойынсұнатын болса көптеген мәселелер оңай шешіледі.

 Арамызда діннің үкімдері мен талаптарына қарсы қоюға тырысып түсінбестік тудырушылар өз кезегінде діндарларды мемлекетке қарсы қоюға талпынады. Діндарлардың арасында олар өздерін шариғат талаптарына адал екендігін көрсетуге тырысқанымен, нәтижесінде асыл дінімізге көптеген адамдардың қарсы болуына, мұсылмандардың арасына жік салуға жол береді.

 Құран Кәрімде: Ата-аналарыңмен, туған-туысқандарыңмен, жетімдермен, қамқорлық қажет болған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астындағы қызметкерлеріңмен жақсы мәміледе болыңдар!» (Ниса сүресі, 36 аят) дейді. Яғни барлық адами қатынастар белгілі бір тәртіпке негізделуі тиіс. Өзім білемдік, абсолютті демократия, анархия тудырады. Ал араздық болған жерде, қайшылық болған жерде, анархия болған жерде береке болмайды. Тіпті мемлекеттің тарихында да сол мемлекеттің ыдырауына себеп болғандығын көреміз.  Әр елдің, әр діннің, әр ортаның, әр мекеменің, тіпті әр отбасының өзіндік талаптары болады және бұл орынды дүние.

 Ұлы даланың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымымен үндестіктің сақталуы. Бұл көптеген шариғи, діни талаптардың дала заңымен үндесуінде үлкен рөл атқарған халықтың радикальды діни ұстанымнан аулақ болуы жатыр. Мемлекетіміздің заңдары баршаға ортақ мүддеге негізделеді. Сондықтан, Аллаға шүкір қазірде елімізде мешіттеріміздің саны артып, мұсылманшылық жолды ұстанушылардың қатары күн санап көбейіп келеді. Бұл да заң бойынша берілген діни-сенім бостандығы мен дәстүрлі дінімізге деген қамқорлықтың бір көрінісі деуге болады. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды!» дейді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, Жаратқан ел азаматтарына, қазақ халқына жар болсын! Жұмамыз берекелі болғай!

Кеңшілік ТЫШХАН

Пікірлер Кіру