ЗЕРЕ ӘЖЕНІҢ ТЕКТІЛІГІ

26 қараша 2021 7395 0
Оқу режимі

Адам баласының дегдар болмысының қалыптасуында тазалықтың да атқарат рөлі аз болмаса керек. Жүрек тазалығы, жан тазалығы, тән тазалығы дегендей «тазалық» ұғымының қамтитын ауқымы кең екені белгілі. Бұл жүрек тазалығы, жан тазалығы дейтін рухани болмыстың адам өміріне әсерін ерте білген бабаларымыз «Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» деп түйіндейді.

Алланың ақырғы Елшісіне (с.ғ.с.) алғаш түскен аяттардың бірі де тазалыққа қатысты болу тегіннен тегін болмаса керек. Мұның өзі тазалықтың адам баласы үшін аса зәрулігін білдіретін дүние ғой. Ал, Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) мүбәрак мәтінді хадистерінің бірінде: «Алла таза әрі тазалықты сүйеді», – деген.

Міне, осы имани құндылықты берік ұстанған Зере әжеміз жайлы бір үзік әңгімен немересі Ахат атамыз өз естеліктерінде былай баяндайды:

«1804 жылы Құнанбай дүниеге келеді. Ол туғанда өте ірі, толық, зор болады. Бұл туарда анасы түс көреді. Ол түсінде: ері Өскенбай алтын сақаны үйіріп отырғанын көреді. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жориды. Оны бір күн дәретсіз емізбейді. Зеренің өзі бертінде айтыпты: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ»,- деп.

«Сүтпен біткен мінез сүйекпен бірге кетеді» дейді аталарымыз. Зере әжеміздің дәретсіз, бисмилләсіз емізбеуі рухани тазалыққа ыждағаттылығы болса, омырауын жумай емізбеуі тән тазалығына көңіл бөлетін қағылездігін білдіреді.  Расында, Зере әжеміздің баласына аналық ақ сүтін тазалықпен емізіп, ерекше көңіл бөлген бұл еңбегі тегін кетпеген. Бала Құнанбай алғыр да, зерек, сұлу бітімді болып ер жетеді.

Естелікте «Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі нұрлы, бота көз, маңдайлы қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі балуандыққа, өткір көзі ерлікке, басы ақылдылыққа сәйкестене біткен. Әкесі молдадан оқытып, Құнанбай шала хат танып қалса да әкесі Өскенбайға келген хаттарды біріне-бірін салыстырып, өз талабымен хатты толық танып, түрікше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болған. Бала кезінен бастап, Құнанбай өте ұғымды, зерек, алғыр, бір естігенін, оқығанын ұмытпайтын болған. Ол ес біле бастағаннан әкесінің қасында отырып, көп әңгіме оқиғаларды биліктерді естіп, қазақтың өткір сөздерін, мақал-тақпақтарын нақыл сөздерін, батырлар, эпостық жырларын, тарихи оқиғаларды жадына сақтап алатын болған» делінеді.

Құнанбайдың бітімі «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған, Қымбатты гауһар бағасы…» деп, Ақтамберді жырау айтқандай болып өседі.

Міне, ананың тазалыққа мән беруінің баланың рухани және тәндік болмыс-бітіміне деген әсері. Әрине, аталары текті Құнанбай болмысы, ана бойындағы асыл қасиетпен тіпті де әдіптелік, ажарлана түскені анық.

Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікірлер Кіру