ЖӘҺАННАМНЫҢ ОТЫ ОДАН ДА ҚАТТЫ

18 ақпан 2022 6784 0
Оқу режимі

Жастайынан білімге құштар, «құрметті күйеу бала» деген лақап атпен танымал болған Мұхаммед ибн Сүлеймен деген кісі болған екен. Түнімен майшаммен сабақ оқитын.

Бір күні осылай кітап оқып отырған кезінде біреу есігін қағады.  Беймезгіл уақытта келген кім болды екен деп таңырқайды. Есігін ашса, бір сұлу әрі өрімдей жас қыз тұр. Қыз өзінің алыс сапардан шаршап келе жатқанын және осы үйдің ғана шамы жанып тұрғанын байқағанын, сол себепті амалсыз келгенін айтады. Не істеу керек?! Әрине, үй иесі жас  қызды түн жарымда көшеге қалдыра алмады. Басқа қылар қайран болмаған соң үйіне кіргізеді. Үйге кірген соң жолаушы қыздың қал-жағдайын сұрап, алдына жүрек жалғар ас қойып, қайта сабақ оқуға кіріседі.

Үй иесі сабақ оқып отырып, сұлу қыз ойын бұза бастаса, дереу алдындағы шамға саусағын күйдіріп, қайта алып, қайта күйдіріп, ойын басқа жаққа аударғысы келіп дал болады. Сөйтіп саусағын шамға қайта-қайта күйдіріп отырып таңды атырады.

Таң атқан соң қыз үйден шығып кетеді. Сөйтсе, қыз сол елдің патшасының бір уәзірінің қызы екен. Уәзірдің сарайындағы адамдар қызды көрісімен оны кеше түні бойы іздеп таппағандарын және дін аман оралғанына таң қалғандарын айтады. Қыз түнде бір жас жігіттің үйін амалсыз паналағанын және сол түні болған таңқаларлық оқиғаны айтып береді. Әкесі қызына қамқор болған жас жігітті дереу сарайына алдырып, неліктен түні бойы саусағын шамға күйдіріп отырғанын сұрайды. Жүзі нұрлы жас жігіт: «Жолынан адасып, есігімді қаққан жолаушыны кіргізбеуге амалым жоқ еді. Сол себепті оған үйімнен орын бердім. Түні бойы шайтан менің санамды санға, ойымды онға бөліп арбаумен болды. Мен егер ерсі бір әрекетке барсам, жаһаннамның оты бұдан да қатты болады деп саусақтарымды алма кезек отқа салып күйдірдім», - деп жауап береді.

Лаура Алмаханова

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру