ЖАНЫМ - АРЫМНЫҢ САДАҒАСЫ

20 маусым 2024 1414 0
Оқу режимі

Дуалы аузына уәлі сөз қонақтаған халқымызда «Жарлы болсаң да, арлы бол» яки «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген тамаша ғибратты сөздер бар. Осы бір сөздің өзінен-ақ асыл текті ата-бабаларымыз үшін ар мен ибаның, намыс пен ұяттың қандай құрметті де қастерлі болғанын аңғарамыз.

Шариғат тілінде де тағылымы мол  ұғымдардың бірі саналатын «Ұят» сөзіне тоқталып көрелік. Қазақта:  «Өлімнен ұят күшті»  деген даналық  бар. Арлы адам үшін ұяттың орны бөлек. Қарттарымыз: «Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым»  дейді. Мұның барлығы неліктен бұлай делінеді дейсіз ғой?! Өйткені «қазақ» деген қайсар ұлт ұятты Ұлы Жаратушының пенде баласына сыйлаған ең асыл қасиеттерінің біріне балайды және ардың құнын аласартып алғысы келмейді. Біздің көрегендігіміз бен даналығымыздың кереметтілігі де міне осында жатыр. Барлығы шариғат үкімдерімен тамаша үйлесім тапқан. Қарапайым ғана тәпсірлейтін болсақ, ұят дегеніміз – адамның мінез-құлқымен сыйыспайтын, қабыспайтын жағымсыз әдеттер мен істерден адам баласын аулақ  ұстауға, жақсылық жасауға итермелейтін бойымыздағы асыл бір қасиет. 

Ұят – иман тармағының бір арнасы, ислами мінез-құлықтың бір көрінісі. Кімде-кімнің тұла бойында ұят болған болса, ол пенденің ислам жолын ұстануының көркемдігін, дәрежесінің жоғарылығын көрсетеді. Ұят – Алла тағаланың жер бетіне ақиқатты жеткізіп, үлгі болу үшін жіберілген Пайғамбарларына тән қасиет. Саңлақ сахаба Әбу Сайд әл Худридің айтуы бойынша «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойындағы ұят, перденің артында отырған бойжеткеннің ұятынан да асып түсетін. "Егер Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұятты бір істі көрер болса, оның жүзіне қарап ұялғанын білетін едік" дейді. Пайғамбарымыздың ақиқат жолын өз өмірлеріне ту еткен Алланың салихалы құлдарының да өз ерекшеліктері бар болып табылады. Ұяттың болуы, яки болмауы – адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі іспеттес. Ұят адамның иманын құнды етіп, жүріс-тұрысына өң беретін жақсы сипат. Кісі бір іс-әрекеттен тұла бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса,  демек, тегі таза һәм болмысы пәк.

Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا، وَخُلُقُ الْإِسْلاَمِ الْحَيَاءُ

«Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)»[1] деп дінімізде ұяттың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен.

إنَّ الْحَيَاءَ وَالْإِيمَانَ قُرَنَاءُ جَمِيعاً، فَإِذَا رُفِعَ أَحَدُهُمَا رُفِعَ الْآخَرُ.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:  «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер  ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді»[2],  деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан қол үзетінін жеткізген.

Ақиқатында, ар-намыстың аяққа тапталуы – абырой әкелмейді. Ер азамат үшін бұл тіптен масқара. Халық арасындағы «Ерді намыс өлтіреді» деген мақал бекер айтылмаса керек-ті. Ал әйелдің ең құрметті және құнды қасиеті – ар-ибасының тазалығы. Әсіресе қыз бала және әйел адам ар тазалығына аса жауапты қарауы керек. «Әйелден ар кетсе, ұлт жойылады» деп халқымыз ежелден ар тазалығына аса маңыз берген.

Ар-намысын аласартпаған адам ел ішінде зор құрметке ие болары анық. Адам болудың бір шарты – «ұят» деген ұғымды қастерлеуге саяды. Ұлы Абай атамыз өзінің отыз алтыншы қара сөзінде: «Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық», - деп ар-ұят туралы ерекше айтып өткен. Ар-ұяттың салмағын адамның парасат өлшемі екендігін Абай атамыз кең көлемде талдаған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өз сөзінде:

Арсыз арам, асығыс айлакерлік,

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ, - деп арсыздарды шайтанның досына теңеген.

Ар мен ұят, намыс туралы асыл дініміз Исламда құнды ғибраттар мол. Ислам ең алдымен ар мен намысты, ұятты барынша жоғары қоятын адамгершілік діні. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шарифінде: "Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ" деген. Бұл сөз қазақтың «ұят кімде болса, иман сонда» деген ұлағатты сөзімен ұштасып жатыр. Сондықтан ар мен намыс атаулыны нәпсі мен қу құлқыннан әркез биік қойып, ұяттың ұлағатын ұрпағымыздың сана сандығына сіңдіре білейік! Ерлеріміз ез болмай, қыздарымыз қылықты болып күн кеше берсін!

 

ИБРАГИМОВ Алиасқар Омарұлы

 

 

 

Пікірлер Кіру