Жастықтың қадірін білу – жетістікке апарар жол

18 ақпан 2019 15466 0
Оқу режимі

Адам өмірінің ең маңызды кезеңі жастық шақ. Нақтырақ айтсақ, 14 жас бозбала кезінен 30 жас жігіттік шаққа дейінгі кезеңді алуға болады. Бұл кезең адамның тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Адамның жас кезде алған білімі, оқыған кітаптары, көрген фильмдері, естіген немесе жаттаған сөздері, араласқан адамдары – түгелі дерлік оның болашақта тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сондықтан, жастық шақтағы уақытты болмашы дүниенің арзан ойын-күлкісіне алданбай, тиімді пайдаланып, сауапты іске арнау қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жастардың ең жақсысы – (ойын-күлкіге берілмей, ойлы, байсалды боп) қарттарға ұқсағандары. Ал, кәрілердің ең жаманы – (жеңілтектікке салынып, нәпсінің жетегіне кетіп) жастарға ұқсағысы келгендері»,[1] дейді. Бұл хадистен ұғатынымыз, жастардың қарттарға ұқсауы – тепсе темір үзетін жігіттік шағында қызылды-жасылды дүние қанша қызықтырса да мың бір түрлі азғыруларына көңіл аудармай, тән қалауларын шетке ысырып, бойдағы құмарлықты тежеп, күнәларға қарсы тұру деген мағынаға саяды. Қазақ халқында осыған ұқсас нақыл сөз бар: «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер».

Әрине, адам уақытын қалай өткізсе де өз еркі. Алайда, уақытты текке жұмсау – ол берілген аманатқа жасалған қиянат, адамның өз өміріне қарсы жасалған орны толмас нұқсан. Ешбір кәрі адам өзінің мән-мағынасыз ойын-күлкімен өткізген өмірімен мақтанбайды, және ешбір адам ізгілік жолында өткізген өз өміріне өкінбейді. Атақты ағылшын жазушысы, драматаург Бернард Шоу «Жастық шақ – әсем зат, оны жастардың оңды-солды шашуы қылмыс» деу арқылы жастық шақтың маңыздылығын айтып өткен. Бұдан «жастық шақта көңіл көтеріп, ойнап күлуге, өмірден ләззат алуға болмай ма?» деген түсініспеушілік тумау керек. Әсте, олай емес. Адамгершілік, моральдік қағидаларға қайшы келмесе, өз өміріне және қоршаған ортаға зиянын тигізбесе, неге ойнап күлмеске?

Жастық шақ – мүмкіндіктерге толы уақыт. Бұл деген адам қолынан келгенше жақсылық істеп, бар күш-жігерін тура жолда сарп етуі. Жас кезде, жалындаған жастық жігер мен күш-қуат тасып тұрған уақытта жасалған құлшылық қарттық келіп, білек-буындар босаған кездегі жасалған құлшылықтан әлдеқайда қайырлы. Себебі, мүмкіншілік бола тұра, жалған дүниенің жылтырағы менмұндалап тұрғанда, Алланың қаһарынан қорқып, күнә мен жамандық атаулыға жоламай, жастық шағын тура жол мен ізгілік жолында арнаған адамға мол сауап бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисінде: «Жеті түрлі адамға Алла тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар: әділ имам (басшы); Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам»,[2] – деу арқылы өмірін құлшылықпен өткізген жас жігіттің Алланың алдындағы дәрежесін көрсеткен. Әсіресе, қазіргі уақытта адамгершілік қасиеттер тапталып, ұятты адам заманнан қалыс қалған адамдай саналған, қыздар қылығынан, ұлдар ұятынан айырылған кезде ар-намысы мен қадір-қасиетін қызғыштай қорғаған жастардың орны ерекше. Сондай жастар қоғамды алға жылжытатын – қозғаушы күш, әр түрлі ауралардан тазартатын – емдеуші, өзгерістер әкелетін – реформатор. Бұндай жастар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабаларды үлгі етсе, басқа адамдар осы жастарды өздеріне үлгі етеді. Олар әрбір айтқан сөздерін істерімен дәлелдейді. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю олар үшін күнделікті жасалатын қалыпты іс-әрекет. Рухани жаңғыру осындай жастардан бастау алып, болашақтың іргетасы қаланады.

Жастық кезеңді 30 жасқа дейінгі аралықта үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

14-18 ЖАС АРАЛЫҒЫ – ЖАСӨСПІРІМ КЕЗЕҢІ.

Бұл уақыт өтпелі кезеңге сәйкес келеді. Яғни, адамның балалық шақтан жігіттік шаққа өтуі. Біреулер балалықтан арыла алмай жүрсе, енді біреулер ересек адамдарға ұқсауға тырысады. Бұл уақытта адам психикалық жағынан тұрақсыз болады. Өзінің кім болатынын, өмірлік мақсаты қандай екенін нақты білмейді. Сезімге берілгіш және эмоционалдық тұрғыдан құбылмалы келеді. Бұл уақытта адамда еліктегіштік пайда болады. Ересек адамдарша темекі тартуға, ішімдік ішуге және т.б. жағымсыз әдеттерге әуестену осы кезеңде басталады. Сондықтан ата-аналар үшін ең маңызды нәрсе – дұрыс бағыт-бағдар көрсету, жақсы үлгі бола білу немесе үлгі бола алатын тұлға табу, рухани және физикалық тәрбиелеу немесе тәрбиелей алатын адамға беру. Себебі бұл кезде адам барлық жағынан икемді келеді, қай арнаға бұрсаң соған қарай жүреді. Бос уақытын ойынмен өткізген, қара нанның қандай еңбекпен келетінін білмейтін, еш уайымсыз өскен баланың болашағы да сондай халде болады. Ата-ананың алдындағы тағы бір міндет – балаға жауапкершілік сезімін үйрету, қамқорлық танытуды қойып, өз бетінше өмір сүруге бейімдеу. Бұл баланы үйден шығарып жіберу деген сөз емес. Кейбір қолынан келетін, істей алатын жұмыстарды өзіне тапсыру. Мысалға айтсақ, өз киімін өзі жуу, арасында тамақ істеу, үйді реттестіру т.с.с. Бұл баланы келесі өмірлік кезеңге дайындайды, өзіне көбірек жауапкершілік алуға үйретеді. Бұдан басқа дініміздің негізгі қағидаларын орындауды естен шығармау керек. Осы жастан бастап балаға намаз оқу парыз болып саналады. Намаздың өзі баланы тәрбиелеудің бір жолы.

Жас кезде намаз бастаудың артықшылықтары:

  1. Уақытты үнемді пайдалану. Болашақта өз өмірін намаз уақыттарына қарай бейімдеуді және бір күндік өмірін осыған қарай жоспарлауды үйренеді.
  2. Жауапкершіліктің артуы. Намазын уақытында, қаза қылмай жауапкершілікпен оқыған бала басқа да нәрселерге жауапкершілік танытатын болады. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді үйренеді.
  3. Тазалық. Әр уақытта дәретпен, таза жүрген бала Алланың ризашылығына бөленеді. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері бар: «Дәретті болып жүрген адам, ораза ұстаған адам сияқты»[3]; «Дәрет алған адамның күнәлары, ағаш жапырақтары төгілгендей төгіледі».
  4. Қаза намаздардың болмауы. Әрине, намазын қазасыз және ықыласпен оқыса, балиғат жасынан намаз бастаған адамның қаза намаздары болмайды.
  5. Сабырлылыққа тәрбиелеу. Намаз оқу үшін де сабыр керек. Кейбір кезде ыстық, суық демей далада немесе ауру-сырқау кезде намаз оқуға тура келеді. Осылардың барлығына шыдап, төзімділікпен оқылған намаздың сауабы көп болады.
  6. Зейінді болуға баулу. Намаз оқығанда ешнәрсеге көңіл ауытқымай бір ғана намазға зейін қоюды үйренеді. Намаз уақытында ойдың басқа жақта болмауы маңызды. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде былай дейді: «Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар, намаздарын немқұрайлы оқиды. Олар, көрсету үшін оқиды»[4].
  7. Арсыздық және күнәдан қорғау. Намаз оқитын бала өздігінен жаман нәрселерден алшақ жүреді. Ішімдік, құмар ойын, зина, ұрлық, өтірік айту секілді арсыздықтардан таза болады. Құранда Жаратқан Раббымыз былай дейді: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»[5].
  8. Буын, бел ауруларынан алшақ болу. Жас кезінде намаз бастаған адамды орта жасқа келгенде немесе қарттық шағында буын аурулары мазаламайды.

Бұдан басқа да намаздың пайдалары бар. Намаздың тағы бір пайдасы – көркем мінезді болуға тәрбиелейді. Мінез – баланың жігіт болып қалыптасуында өзгеріске ұшырайтын бірден-бір психикалық ерекшеліктерінің жиынтығы. Адам бойындағы мінез-құлықтың бастапқы көрінісі – қылық. Мұнда әр адамның өмірлік бет алысы, бағыт-бағдары, талғам-сенімі, көзқарасы, мақсат-мұраты көрініс береді. Адам өзін-өзі бақылау жасау арқылы мінезіндегі мінін түзеуге, жағымсыз әрекет пен қылықтардан өзін тыйып ұстауға мүмкіндік алады. Мінез-құлық. адамның өзіне, айналасындағы басқа адамдарға қарым-қатынасынан, жүктелген істі қалай орындайтынынан көрінеді. Бұл оның бүкіл тыныс-тіршілігіне әсер етіп, сыртқы ортамен байланыс жасауын қамтамасыз етеді[6]. Бала намаз арқылы мінезін түзейді, мінезін түзеу арқылы өзін түзейді. Өзін түзете білген адам – нағыз жетістікке жеткен адам.

(ЖАЛҒАСЫ БАР)

Көпен Әділет
ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі


[1] «Кәшфул әстар» кітабында
[2] Бухари, Мүслимде келеді
[3] Дәйләми
[4] «Мағұн» сүресі, 4-6-аяттар.
[5] «Анкабут» сүресі, 45-аят.
[6]  "Қазақ Энциклопедиясы", 6 том

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру