Жекпе-жек па, қиыншылық па?

12 ақпан 2020 6553 0
Оқу режимі

Бір қиыншылықтың туындауы қиыншылықтың өзі емес. Мәселе, барлық қиыншылық сол қиыншылықпен бірге келеді деген адамның пенделік ойында. Жеңілдетіп айтатын болсақ, жетістікке жетуші адамның сөздік қорында «проблема» деген сөз болмайды екен. Басқаша айтқанда, қиыншылыққа тап болса, «бір проблема, қиыншылық, мәселе туындап тұр» деп айтпайды екен. Әр жағдайда жетістікке жететін жігерлі адамдар «біз сын-тегеурін алдында тұрмыз» дейді екен. Сын-тегеурін дегені бізді қиыншылыққа қарсы жекпе-жек күтіп тұр дегені екен. Құдайдың құдіреті, адам жағдайды қалай қабылдаса, сол оның іс-әрекетіне солай әсер етеді. Бір жағдайға екі түрлі баға беруге болады. Демек, нәтижесі де екі түрлі болады. Адам, проблеманы қиыншылық деп емес, тағы да мықты бола түсу үшін қажетті жекпе-жек деп қабылдағаны жөн. Өйткені, мықты болу үшін қарсыласың да осал болмауы керек. Кезінде, Наполеонға алдымызды пәлен, түген деген алып таулар бар. Ол таулар біздің мақсатымызға жетуге кедергі болады. Не істейміз? - дегенде, қолбасшы: «Онда, ол тауларды жолдан алып тастау керек, - деп кесіп айтқан екен. Мұратқа жетуде ешбір нәрсе сіздің мақсатыңыз бен арманыңыздан үлкен болмауы керек. Қорқақ, жігерсіз және тәуекел ете алмайтын адамдардың арманы өмір бойы арман күйінде қалып қояды. Ал, мықтылар арманын жүзеге асырады. Арманы шындыққа айналады.

Жүйрік әрі мақтаншақ құмай тазы туралы бір мысалда былай деп айтылған екен. Аңшы иттердің ішінде барлығынан да жүйрік бір мақтаншақ тазы бопты. Реті келген жерде, өзінің жүйрік екенін көрсетіп қалуға тырысады екен. Шынымен де, бұл құмай тазы аңға шыққанда алдына жан салмайтын көрінеді. Бір күні аяқ астынан қоян шыға кепті. Бір топ аңшы иттерді көрген байғұс сужүрек қоян тапырақтап қаша бастайды. Біреуге жан керек, біреуге ойын керек мақтаншақ ит қоянды үріккеніне мәз боп қуа жөнелді. Бейрашаны мазақ етіп біресе оң жағынан, біресе сол жағынан шығып зәре-құтын алады. Ақыры, өлім аузында тұрған қоян құмай тазыға жеткізбей қаша берді. Кенет, тазы шындап жүгіріп еді, қоян жеткізбей орман ішіне еніп кетті. Осылайша, мықты тазының өзіне жеткізбей сытылып қашып кетеді. Аңшы иттердің барлығы жабылып: «Жүйрікпін деп мақтануың жаман еді, қайдағы жоқ қоянға жете алмағаның қалай?» - деп мақтаншақ тазыны табалай бастады. Мазақ етіп, келемеждейді. Сонда құмай тазы: «Иә, мен қоянға жете алмадым. Өйткені, мен үшін бұл жай ойын-сауық болды, ал қоянға өмір мен өлім арасындағы арпалыс болды», - деп ғажайып түрде жауап берген екен.

Демек, мәселе бітпейтін проблемада емес, мәселе сол проблеманы біздің қалай қабылдауымызда. Адам өзінің жеке сөздік қорындағы сөздерді саралап, қарап шығуы оның бүгіні мен болашағына біршама оңды өзгеріс алып келеді.

Ендеше, қиыншылық сөзінің орнына сын-тегеуірін, яғни жекпе-жек деп қараңыз. Сонда өміріңізге жақсы өзгерістер кіреді. Сонымен бірге, өмірдің мәні жетістік деп қарамаңыз. Өмірдің мәні ұмтылыста, тұрақты талпыныста. Ал, жетістік ол сізден алыс кетпейді. Және де ескере кететін жайт жекпе-жектің көкесі, бәсекелестің ең мықтысы және белдескеннің ең күштісі адам өзі. Яғни, сіз үшін өзіңізден артық бәсекелес жоқ. Өзіңізден күшті «қарсылас» таппайсыз. Сіз өзіңізбен бәсекелесумен ғана күшейе түсесіз. Басқа сөзбен айтқанда, кешегі сіз бен бүгінгі сіздің айырмашылығы болуы тиіс. Егер бүгінгі сіз кешегі сіздің жасаған жетістігінен аса алмаса онда сіз даму емес дағдарыстасыз деген сөз. Адам бәсекелестікке және жекпе-жекке бейімделіп, дағдылана түскені жөн. Міне, сонда сәтсіздіктерге «сәтсіздік» деп қарамайтын болады. Бұлай атамайды және олай бағаламайды. Сәтсіздікті – тағы бір мүмкіндік, тағы да әрекеттену деп біледі. Ендеше, жағдайға дұрыс баға беріңіз әрі өз қабілет-қарымыңызды да жете бағалай біліңіз!

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру