ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН ПАРАҚОРЛЫҚ ЛАҒЫНЕТКЕ ҰШЫРАТАТЫН ІС

11 маусым 2024 1400 0
Оқу режимі

Жемқорлық пен парақорлық Құранда харам және қылмыс іс ретінде көрсетілген. Маида сүресінің 42-аятында: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер...»,-деп айтылған.

Бұл аят – пара алып, арам табыспен күнелтетін яһудилер жайында.

Сонымен бірге, парақорлық хадиспен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзімен де тыйым етілген қылмыс. Әбу Дәуід және Тирмизиде сахаба Абдулла бин Амрдың (р.а.) мағынасы: «Алла елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен», - деген риуаяты бар.

Жемқорлықтың зардабын жеке адаммен қоса жалпы қоғам да тартады. Көп жағдайда жемқорлықпен қолында құзырлы қызметі, белгілі бір билігі бар біреу айналысуы мүмкін. Жемқор мемлекеттің өзіне жүктеген қызметін құлқыны үшін пайдаланады. Нәтижеде «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, мемлекет мүлкін талан-таражға салады. Иттің ісін жасаған бейбақты ар-ождан мазаламайтыны мәлім. Өйткені, оның парақорлығы салдарынан көптеген адам зардап тартатынын біледі. Сөйте тұра, осындай қылмысқа барады.

Дініміз харам жолмен мал табудан да тыйған. Бір аятта Алла Тағала: «Өзараларыңда мал-мүліктеріңді жалғандықпен (заңсыз түрде) жемеңдер. Өздерің күнә екенін біліп тұрып, адамдардың мүліктерінен жеулерің үшін үкім шығарушыларға (пара етіп) ұсынбаңдар», – деді. («Бақара» сүресі,  188- аят).

Мұның мағынасы: «Би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер», – дегенді білдіреді. 

Тағы бір аятта Алла Тағала пара беріп, біреудің ақысын жейтін адамдардың сипаттарын да атап кеткен:

 «Олар өтірікті тыңдаушылар, тыйым салынған нәрселерді жеушілер. Егер олар саған келсе, олардың арасына үкім айт немесе олардан бет бұр. Егер олардан бет бұрсаң, олар саған ешбір нәрседе зиян тигізе алмайды. Ал, егер үкім ететін болсаң, олардың арасына туралықпен үкім ет. Ақиқатында Алла туралық етушілерді жақсы көреді», – деген. («Мәйда» сүресі 42- аят)

Ислам дінінің бастауынан бастап, сахабалар, табиғиндер және бүгінгі күнімізге дейінгі барлық ғалымдар бірауыздан параның харам екенін айтқан. Тіпті оның есімі сыйлық, құрмет, ізет деген сияқты әдемі атаулармен аталса да, өзінің табиғатына орай харам болып қала бермек.

Параның себептері көп және сан алуан. Алайда соның кейбірін атап кетейік:

1. Иманның әлсіздігі. Пара беруші мен пара берушінің Аллаға деген сенімінің  әлсіздігін көрсетеді.

2. Кейбір адамдардың әлеуметтік жағдайларының төмен болуы себепті, тез байып, жағдайын  тезірек  жақсартуды қалауы. Бұл жерде қанағатсыздық пен сабырсыздық байқалады.

3. Қоғамдағы кейбір адамдардың ар-ожданы, ұятының болмауы, оның тек өзін қара басының қамын ғана ойлауы.

Парақорлықтың артында сондай ақ, лайықсыз адамның мансапқа иеленуі, біреудің ақысын жеу, зұлымдық, қоғамды артқа тарту деген сияқты көптеген зиянды әрекеттер іс жүзіне асады.

Қалай болғанда да парақорлықпен айналысқан адамның арты жақсылыпен аяқталмайды. Алла Тағала оның тапқан мүлкін берекесіз етіп қояды немесе айықпас ауруға шалдықтырып жазалайды. Тіпті жақын адамдары арасындағы туыстық қатынасы бұзылып, өмірінің мәнін жоғалтады. Өйткені, ол лағынетке ұшырататын іспен айналысты.  Сондықтан да Ислам діні сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына жатқызған.  Шариғат шеңберіндегі тыйымдардың барлығы адам мен қоғамның дамуына негізделгенін ұмытпайық.

 

Пікірлер Кіру