ЖЕТЕСТІҢ КӘРІЛІК ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

14 қыркүйек 2023 2968 0
Оқу режимі

 

Қара кісі руының Жағал деген бір азаматы жасы сексенге келіп қартайып отырған кіші жүз Жахайым Жетес бимен әңгіме үстінде:

—     Иә, Жетеке, сіз сексенге келдіңіз, әрбір он жылды бір белеске қойғанда, не нәрсеге теңер едіңіз? — деген екен.

Сонда Жетес сәл ойланып алып:

- Е, қарағым-ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым; жиырмаға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым. Жиырма беске жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған шүйілдім; отызға келдім: қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбымның көңілін қалдырмадым; қырыққа жеттім: арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылдадым. Елуге келдім: биік бір қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым; алпысқа жеттім: алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсуді білмей дағдарысқа ұшырадым. Жетпіске келдім: жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім; тап осы күні сексендемін: алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым — су, оң жағым — от, қалай қарай қозғалсам да, маған тірілік тірлік емес-ау! — деген екен.

 

 

Пікірлер Кіру