Жүкті әйелге берілетін сый-сауаптар

14 маусым 2021 7768 0
Оқу режимі

Сөз жоқ, жүктілік пен толғақ – Аллаға ұнамды істердің қатарында. Өйткені, ана өмірге бір Аллаға ғана құлшылық ететін, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетінің қатарын толықтыратын, отанына қызмет ететін жанды дүниеге әкеледі. Ықылым заманнан-ақ, әйелдің абыройы да өзі жарық дүние сыйлаған перзенттердің саны мен сапасы арқылы артып отырған. Бүгінде көп балалалы аналардың кеудесіне алтыннан, күмістен алқа тағылуы да – әуелі Алланың ананың дәржесін арттырғаны, одан кейін күллі халықтың көрсеткен құрметі деп білеміз.  

«Көп туатын, сүйкімді әйелдерге үйленіңіздер»

Жүктіліктің маңыздылығы сол, ата дініміз ер жігітке жар таңдамас бұрын-ақ, бойжеткеннің ана бола алу, өмірге көп ұрпақ әкеле білу қабілеттеріне назар аударуды өсиет етеді. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп: «Я, Алла Елшісі, мен абыройы, мансабы, мал-дүниесі бар, бірақ (туа алмайтын) бедеу бір әйелді жақсы көріп қалдым. Сол әйелге үйленсем бола ма?» деп сұрағанда Пайғамбар (с.ғ.с.) оны қайтарған. Екінші рет келіп сұрағанда да сондай жауап алады. Үшінші рет сұрағанда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Көп туатын сүйкімді әйелдерге үйленіңіздер. Себебі мен сіздермен (Қиямет күні) басқа үмбеттер алдында көп болып тұрамын», - деп жауап берген[1]. Мінеки, осылайша, әйел баласына басқа ешбір жаратылысқа берілмеген, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) мақтанышы болатын үмбетті дүниеге әкелу лауазымы нәсіп болған.  

Жүктіліктің ауыртпалығы әйелді тазартады        

Жүктілік уақытындағы түрлі физикалық ауыртпашылықтар, ауру-сырқат, жайсыздық, Алла қаласа, әйелдер қауымын сансыз сауаптың, көл-көсір сыйдың астында қалдырмақ. Өзі нәзік жаратылыс бола тұра Алланың құрсағына бітірген аманатын аялау үшін әйел көптеген қиындықты өткермей ме? Ал, хадистерде: «Мұсылманды қандай да бір шаршау, не ауру, не уайым, не қайғы шалсын, не зиян шегіп, мұң бассын, тіпті тікен кірсе де Алла онымен күнәларын кешіреді»[2], «Қандай да бір мұсылманды зиян шалса – тікенектен бастап – Алла онымен оның жамандықтарын кешіреді және ағаш жапырақтарынан қалай арылса, ол да солай күнәларынан арылады»,  - делінген.[3]  

Жүкті әйелге нәсіп етілген ұлы сый!         

Өлімнің және өлімнен кейінгі мәңгілік өмірдің хақ екендігіне иман келтірген әрбір мүмін жақсы өлімді өткергісі келетіні рас. Ал, бұл нәрсе осы дүниеде адам деген атқа лайықты болып, Құдайға құрметті құл бола білген жанға ғана беріледі. «Жүктілік кезінде немесе толғақ кезінде қайтыс болған әйел – шәһид (яғни, Алла жолында қайтыс болу)» деген мағынада келетін хадис[4]  жүкті әйелдің қаншалықты ардақты екендігін нұсқайды.  

Жүкті әйелдер – Жәннатта...      

«Жүкті, туатын, емізетін, балаларға мейірімді әйелдер, егер олар күйеулеріне нашар қарым-қатынас жасамаса және намаздарын орындаса, міндетті түрде Жәннатқа кіреді»[5]. Кейбір ғалымдар осы хадиске байланысты «әйелдер туатын, емізетін, балаларға мейірімді болған қалыптарынан ажырамағанға дейін ең жақсы, ең берекелі әйелдер саналатын  болады» деген екен. Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге Жәннаттың тұрғындарынан болған әйелдеріңді айтайын ба? Бұлар жақсы көретін, көп туатын, күйеулеріне пайдалы болғандар. Мұндай әйел егер күйеуі ашуланса, қолын оның қолына қойып: «Сен маған разы болмайынша көзімді ілмеймін» деп айтады» деген[6] 

«Тар құрсағын кеңіткен» аналар арқалаған аманат          

Өмірге бала әкелу, оны тәрбиелеу, жетілдіру –  аса ауыр әрі жауапкершілігі мол қызмет. Адам тәрбиелеу – ең қиын мамандық. Ең қызығы, бала сол тәрбиенің басым бөлігін ана құрсағында алады екен. Ана құрсағы – оның ең алғашқы мектебі, мінез-құлқы қалыптасатын алтын мекені. Сәби онда тәніне қажетті қоректі ғана емес, рухани азықты да сіңіреді. Ендеше, жүкті әйел ең алпауыт деген еркек арқалай алмайтын жүкті көтеріп жүр емес пе? Бұл – батырлық. Екінші жағынан, «баланы тәрбиелемес бұрын өзіңді тәрбиеле» деген қағидаға сәйкес, әйелге өзін тазартуы қажет болады. Ар тазалығын, жан тазалығын, тән тазалығын үнемі күзету оңай шаруа емес. Ол үшін анаға құрсаққа бала біткенге дейін де, біткеннен кейін де үнемі дұғада болу, құрсақтағы сәбидің құлағына Құран үнін құю қажеттілігі туады.

Әрбір ата-ана балам өлімнен кейін де жалғасатын садақа, күнәларымыз үшін көз жасын төгіп, алақанын жайып, Алладан кешірім сұрайтын салихалы перзент, көзіміздің қуанышы, көңіліміздің алданышы болатын ұрпақ болса деп тілейді. Және сондай тұлға қалыптастыру үшін тырысады, бар еңбегін жұмсайды. Көркем мінезді, Алласын танып, Оның алдындағы міндеттеріне ұқыпты орындайтын баланы тәрбиелесе сыйы мен сауабын Раббыларынан күтеді. Бұл сыйдан «он ай көтеріп, омыртқасы үзілген, аязды күнде айналған, бұлтты күнде толғанған, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» аналардың да үлесі бар деп үміт етеміз...


[1] Әбу Дәуд, Нәсаи.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] Бұхари, Муслим.
[4] Әбу Дәуд.
[5] Хаким, Табарани.
[6] Нәсаи, Табарани.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру