ЖҰМА НАМАЗЫНАН БҰРЫН ФИҚҺ САБАҒЫН ЖҮРГІЗУ – БИДҒАТ

08 қараша 2023 2928 0
Оқу режимі

Барша мадақ-мақтаулар әлемдердің Раббысы Аллаға және игіліктер мен сәлемдер оның сүйікті елшісіне болсын! Бүгінгі күні арамызда «Жұма намазынан алдын фиқһ және уағыз сынды дәрістерді жүргізу бидғат, оған ешқандай дәлел жоқ» деп айтып жүрген адамдарды кездестірудеміз. Олай болса қысқаша бірнеше дәлелдерімізге тоқтала кетейік:

Алла Тағала бұл дінді адамзаттың бақыттылығы үшін түсіргендіктен, қай адам бақыттылық жолын ұстанса, әлбетте ол адам үшін айналасындағы адамдарды да сол жолға үгіттеуі міндет екені баршамызға мәлім.  Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше сахабаларынан жұма құтбасынан алдын дәріс жүргізгендігі бізге сахих тізбектермен жетті. Сол хадистердің қатарында: Муғауия ибн Қурродан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте сахабаларды сипаттап былай дейді: «Жұма күні болғанда олар ғұсыл алып, ең жақсы киімдерін киіп, хошиістен пайдаланатын. Кейін жұмаға барып, екі рәкағат оқып, содан соң отырып имам шыққанға дейін ілімді, сүннетті тарататын еді»[1] және бір риуаятта Асым ибн Мухаммад өзінің әкесінен (Алла оларға разы болсын) риуаят етіп былай дейді: «Мен Әбу Хурайраны (Алла оған разы болсын) көрдім. Ол жұма күні шығып, мінбердің екі ағашынан ұстап тіке тұрып: «Бізге Қасымның әкесі, шыншыл Алланың елшісі  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан еді», деп хадис айта беруін тоқтатпайтын. Соншалықты, имам намазға шығуы үшін бөлменің есігі ашылғандығын естіген кезде отыра қалатын»[2]. Сондай-ақ, Сайб ибн Йәзид (Алла одан разы болсын) былай дейді: «Біз жұма күні әуелгі азан айтылмастан бұрын намаздан алдын мәжіліс құрып отыратын едік. Қашанда намазға азан шақырылғанда орнымыздан тұратынбыз». Оның «мәжіліс құрып отыратын едік» деген сөзі олардың арасында әсіресе Мадина тұрғындарының арасында жұма намазынан алдын дәріс жүргізу ұнамды, кеңінен тараған іс екенін аңғартады. Өйткені, Сәйб ибн Йәзид Мадинадағы дүниеден өткен сахабалардың соңғысы еді.[3] Бұдан бөлек басқа да дәлелдерді кеңінен жазылған кітаптардан табуға болады.  

Қорытынды: Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ілескен, Алла оларға риза екендігі ұлық кітапта баяндалған сахабалар ешқашан бидғатқа жол бермейтіндігі барлығына мәлім. Сонымен қатар бұл істің бидғат екендігіне олардың үзілді-кесілді ешқандай дәлелдері жоқ екендігі анық. Сондықтан да, әрбір пайдалы, шариғат тыйым салмаған жол – бізге бұйырылғандай жақсылық жасаудың мағынасына кіреді. Алла Тағала жұртымызға тыныштық сыйлап, елімізге аманшылық бергей!   

Дулат Арнабаев 

«Al-Fattah» мешітінің ұстазы

 


[1] Ибн Әби Шәйбә 

[2] Ибн Әби Шәйбә

[3] Хатиб Бағдади

Пікірлер Кіру