ЖҮРЕКТІ ҚАЙҒЫ БАССА…

18 қаңтар 2024 1454 0
Оқу режимі

Тағдырға риза болып, шүкірлігін айтып жүретін адамдарды қазіргі таңда сирек жолықтырамыз. Пенде басына қиыншылық, қайғы келгенде  “Не үшін дәл маған келді” деп бірден күйзеліске түсіп кетеді. Қазіргі таңда адамның қайғыға батып кетуінің ақыры өмірден қол үзуге жеткізіп жатқанын да білеміз. Мұсылман адамның ондай іс-әрекеттерге баруы дінімізде дұрыс саналмайды. Алла Тағаланы жеткілікті танып, ислам өнегесінен нәр алған мұсылман ешқашан Алладан үмітін үзбейді.

Шектен тыс күйзеліс адамның миына зақым келуге, есінен алжасуға жеткізуі мүмкін. Ол туралы кейіпкеріміздің әңгімесінен мысал келтірсек. А. есімді кейіпкер анасынан айрылған сәтінде қайғыны көтере алмай маңдайын ұрып, басын шайқап қатты беріліп жылап, өміріне налиды. Сондай күндермен өмірінің бір жылын өткізеді. “Жаныма тыныштық іздеп мешітке бардым. Менің алдымда жасы 10-12 шамалас бала отыр екен. “Әділет жазылып кет балам” деп анасы бетінен сүйіп жатты. Бала “ДЦП” аталып жүрген церебалды сал ауруына шплдыққан. Сол кезде  есімді жинадым” дейді кейіпкер. Жағдайы өзінен қиын балаға бір, үмітін үзбей отырған анаға бір қарап шүкір етеді. Алайда А. сабырсыздығы мен үмітсіздігінен шектен тыс қайғыға жол беріп, денсаулығына зиян келтіріп алғанын айтты. Өзінен психикалық бұзылу белгілерін байқайды.

Шектен тыс күйзеліс денсаулыққа зиян келтіретінін Құран да білдіріп тұрғандай.  “Ей, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар” [1] деп қайғы келгенде тек сабарлық таныту керектігін айтқан. Алладан жәрдем сұрап, сынбауды нұсқайды.

 “ (Мұхаммед ғ.с.) сабыр ет. Расында, Алла жақсылық істеушілердің еңбегін (сауабын) жоймайды” [2] деген аяттарда Алла Тағала пайғамбарын сабырға шақырады. Сол секілді бұл аят біздерге де сабырлы болуға үндеп отыр.

Сонымен қатар “Кейімеңдер де, қайғырмаңдар...” [3] деген аяттардан да адам баласына қайғыға жол бермеңдер деген насихатты түсінеміз.

Қайғы-қасірет пендеге сынақ ретінде жіберілетіндіктен, бір Аллаға жалбарынып, жәрдем сұрап, тәукелге  баруымыз керек. Құранда : 

“Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды” [4]

“Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Алла көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды” [5]

Демек, иманы кәміл адам ғана сынаққа шыдап, сабырлы болады. Алладан, ақырет күнінен үміт еткендіктен шүкірлігін тастамайды. Сабыр еткендерге Алла Тағаланың сүйіншісі бар екенін естен шығармай, сауабынан үміт етеді.

Әрі мұсылманның қаруы дұға. Қандай жағдайға тап болсақ та Алла Тағаланың кеңдігі мен мейірімі шексіз. Алла Тағаладан пана іздеп, көмек сұраған пенденің қолы ешқашан бос қайтпайды. Құранда:

“Айт (Мұхаммед с.ғ.с.): егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?...” [6]

“Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Бәлкім тура жол табар”[7]

Қорытындылай келе, Алла Тағала адамзатты Өзіңе құлшылық ету үшін жаратқанын қаперімізден шығармайық. Сондықтан адамды сынау арқылы кімнің иманының шынайы екенін айшықтайды. Қиындық, қайғы-қасіретке тап болсақ сағымызды сындырмай, Алладан үмітімізді үзбейік.Үміті күштінің сенімі күшті.

[1] Бақара сүресі,153 аят

[2] Худ сүресі,115 аят

[3] Әли Имран сүресі,139 аят

[4] Тағабун сүресі, 11 аят

[5] Шұра сүресі, 30 аят

[6] Фурқан сүресі, 77 аят

[7] Бақара сүресі, 186 аят

 

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

 


 

Пікірлер Кіру