Жүйке ауруларына арналған емдік жаттығулар

11 шілде 2019 13298 0
Оқу режимі

Орталық және шеткергі жүйкелердің зақымдануына байланысты жүйке аурулары екіге бөлінеді. Орталық жүйке (ми және жұлын) індетіне шалдыққанда организмде айтарлықтай органикалық өзгерістер байқалады. Ал жоғарғы реттеуші орталықтың анатомиялық құрылысында ешбір өзгеріс байқалмаса, онда шеткергі жүйке жүйесі зақымданған. Оның ішінде айрықша көзге түсетіндері – невроздар.

Ми қабаты (психикалық қызмет атқаратын мүше) негізінен қозу және тежеу үдерісін орындайды.

Егер соңғы кезге дейін бүкіл психикалық әрекет тек қана ми қабығына шоғырланған деп білсек, қазір ми қабының (мидың терең қабатына орналасқан) астында орналасқан заттардың да атқаратын рөлін дәлелдейтін мәліметтер бар. Олардың жай-күйі ми жасушаларының қозуына немесе тежелуіне ықпал етеді.

Ми қабының жұмысына организмнің бүкіл өзгерісі әсер етеді. Организмнің құрылыс ерекшеліктеріне қарай, көбіне жүйке жүйесіндегі реакциялар соған сәйкес дамып отырады.

Жүйке ауруларының негізгі себептері: оқыс жарақаттану, жұқпалы аурулар, организмнің улануы, зат алмасудың бұзылуы, шаршап-шалдығу, зорлану, эмоциялық факторлар т.б. Осындай себептерден денеде әртүрлі өзгерістер айқындалады. Жүйке жүйесі зақымданған кезде ең алдымен қимыл-қозғалыс, одан соң сезімталдық және трофикалық әсерлер кемиді.

Қимыл-қозғалыс әрекетінің бұзылуы адамның мүлде қозғалмай немесе жартылай қимылсыз қалуына әкеп соғады. Оны сал және парез дейді. Олардың өзі екі түрге бөлінеді: спастикалық немесе сіресіп қалу және солып қалу. Бірінші түрі көбінесе ми қабы қатпарлары зақымданғанда болады. Онда денеде бұлшықеттер мен тарамыстар тырысып қалады.

Солған сал не парез жұлын не шеткергі жүйке сабақтарының зақымдануы салдарынан болады. Мұндай кезде бұлшықет әлсізденіп, семіп қалады, тарамыс рефлекстері төмендеп, немесе тіпті мүлдем жоқ болып кетеді. Жүйке жүйесі ауруға шалдыққанда бұлшықеттердің немесе буындардың қозғалмай қатып қалуы (контрактура) аңғарылады.

Ал, сезімталдық бұзылғанда адам ауруды, ыстық-суықты, теріге тигенді, сипағанды түк сезбейді. Кейде, керісінше, осы әсерлердің барлығын қатты сезініп кетеді.

Трофикалық өзгеріс жұлын мен шеткергі жүйке жүйесі ауруға шалдыққанда жиі байқалады. Жүйке жүйесі зақымданған бөлікте қан-лимфа айналымы кеміп, оттегінің жетіспеуіне ұшырайды. Осының өзі терінің ойылуына, жара пайда болып, ісінуіне, тіндердің өлуіне ықпал жасайды.

Жүйке жүйесі аурулары айлап, жылдап ұзаққа созылады. Соның әсерінен жүрек-қантамыр, тыныс алу, ас қорыту, зат алмасу мүшелері зардап шегеді. Кейде, өкінішке қарай, науқастың еңсесін көтеріп, қайта ортаға қосуға мүмкіндік болмаса, ондай адамдар мүгедек болып, жұмыс істеуге жарамай қалады.

Дене тәрбиесі жүйке жүйесі ауруының қандай түрі болса да, басқа емдеу әдістерімен қатар қолданылады. Оның тигізетін пайдасы нейрогуморалды механизм арқылы іске асады. Берілген жаттығулар, организмнің қайтарған жауабы іспетті көңіл-күйін көтеріп, қимыл-қозғалысты реттейді. Емдік жаттығудың әсерінен жүйке талшықтарының өткізгіштік қабілеті артып, денеде жаңадан шартты рефлекс қалыптасады.

Емдік жаттығудың трофикалық қасиеті денедегі қан мен лимфа айналымын арттырып, тіндердің қоректенуін өсіріп, терідегі сызат алған, жара болған жердің тез жазылуына, жүйке талшықтарының қалпына келуіне ықпал етеді.

Аурудың жазылуы осы жаттығуларға сенуіне және оны күнделікті мүлтіксіз орындауына тікелей байланысты.

Емдік жаттығудың негізгі мақсаты:
1. Аурудың жалпы жай-күйін, ой-өрісін өсіру;
2. Жүрек-қантамыр, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің қызметін арттыру;
3. Буындардың қимыл-қозғалысын арттырып, қатып қалуына жол бермеу. Зақымданған жердің бұлшықетін жетілдіру;
4. Зат алмасуын арттырып, жара болған, ойық болған жерлерді тез жетілдіру;
5. Компенсациялық әрекетті (орнына қолдану) кеңінен пайдалану;
6. Науқастың өзіне деген сенімділігін арттырып, жүруге ынталандыру және өздігінен қимылдауға дағдыландыру.

Осы мақсаттың бәрін іске асыру үшін емдік жаттығуды таңертеңгі гигиеналық гимнастика ретінде, өз бетінше орындалатын сабақ іспетте, мөлшермен жүру, жүзу, механотерапия, еңбекке баулу және массаж түрінде қолдануға болады. Мұнымен қатар сал болған аяқ-қолды күні бойы әртүрлі бағытта жатқызып қояды (астына жастық қойып, көтеріп, оңға-солға бұрып, төмен түсіріп т.б.). Бұлар буынның қарысып қалуынан сақтайды. Кейде арнайы қалыпқа, тақтаға, тор сымға қолды не аяқты салып таңып қояды. Ол өз салмағымен бос бұлшықеттердің одан бетер созылып кетуіне жол бермейді. Осындай қалыпқа салу күніне бірнеше рет қайталанып, 20-25 минуттан 3-4 сағатқа дейін созылады.

Шеткергі жүйке жүйесінің аурулары

Бұған невриттер жатады. Неврит – жүйке талшықтарының немесе сабақтарының қабынуы, ал невралгия – жүйке талшықтарының сырқырап ауруы. Мұндай науқас кенеттен жарақаттанғанда, суық тиіп, жүйке талшықтары қабынғанда немесе уланғанда кездеседі.

Жарақаттанған кезде жүйке талшықтары қатты тербеліске түсіп, шайқалуы, созылуы, кейде тіпті үзіліп кетуі де ықтимал. Тербеліске түскен кезде жүйке талшықтарының өткізгіштік қасиеті жойылып кетуі мүмкін, сонда қимыл-қозғалыс және сезімталдық адам бойында байқалмай қалады. Созылғанда, жаншылғанда жүйке талшықтары бүлініп, белгілі бір бөлікте бұлшықеттердің созылуына, сал болып қалуына ықпал етеді.

Жүйке талшықтарының жарақаттанған бөлігіне байланысты олар әртүрлі аталады, мысалы: жүйке түбінің қабынуы – радикулит, жүйке өрімдерінің қабынуы – плексит, бір жүйке талшығының қабынуы – мононеврит, ал бірнеше жүйке талшықтары қабынса – полиневрит.

Невритке шалдыққан адамға кешенді ем қолданылады. Дәрі-дәрмек, физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру. Емдеу мерзімі ұзақ, ең кем дегенде 8 айға созылады. Өйткені жүйке талшықтарының қайта қалпына келуі өте жай, біртіндеп өтеді. Сондықтан алғашқы кезде адамның өзі орындай алатын қарапайым жаттығулар жасалады. Әр қимыл-қозғалыс ыңғайлы қалыпта, жылы ванна қабылдап, денені босаңсытқан соң оңай орындалады. Жарымжан болған аяқ не қол қимылдау үшін жылтыр тақтай, стол, кішкене дөңгелек орнатқан сырғанақ арба керек, солар арқылы қозғалу жеңілірек болады. Жаттығулар байыппен, асықпай, орташа жылдамдықпен жасалады.

Аяқтың жүйке жүйесі зақымданғанда, оның тірек қызметін арттыруға баса назар аударылады. Алдымен шалқадан жатып, аяқты бірдеңеге тіреп, бүгіп-жазады. Одан кейін тізерлеп тұрып әртүрлі жаттығуларды орындайды. Таяқ ұстап жүруге дағдылану үшін арқа, бел, иық бұлшықеттерін шынықтырады.

Жүрген кезде аяқ ұштарын дұрыс қою, баспалдақпен көтерілгенде денені тік ұстау – ойға сақтайтын ең негізгі қағидалар.

Қол жансызданған кезде әртүрлі заттарды саусақтармен, алақанмен уыстап ұстауға дағдыландырады. Сол сияқты губка, резеңке доптарды қысып-жазып жаттықтырады. Осындай жаттығуларды күніне 4-6 рет жасау керек.

Радикулит немесе құяң ауруы бел омыртқаның тұсында жиі кездеседі. Онда да қимыл-қозғалыс шектеліп, алға еңкею, бір жағына бұрылу мүмкін болмай қалады. Құяң ұстаған жақтағы аяқ созылмай, бұлшықет әлсіреп, бөксенің еттері, сан мен балтыр семіп кетеді. Қатты ауырғандықтан адам бір жағына қисайып қалады. Бұл ұзаққа созылса, омыртқа қисайып, адам бүкір болып қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай аурулардың белгілері білінісімен ауруханаға жатқызған дұрыс. Аурудың беті қайтып, асқынуы басылғаннан кейін емдік жаттығулар тағайындалады. Оның негізгі мақсаты – қан айналымын жақсартып, арқа бұлшықеттерін жетілдіру және қатты аурудан еттің қатаюын болдырмай, денені түзету т.б.

Төсекте жатқан кезде емдік жаттығуды белге, бөксеге, балтырға массаж жасауды үйлестіре өткізеді. Шалқадан жатып, тізе, мықын буындарын бүгіп-жазып, мықынды көтеру сияқты жаттығулар орындалады. Егер ауру аяқты көтеру қиынға соқса, онда сау аяқты ауру аяқтың астынан тіреп, мүмкіндігінше жоғары көтереді. Алғашқы кезде жаттығулардың ұзақтығы 10-12 минут, кейін біртіндеп 20-25 минутқа жеткізіледі. Палаталық режимге көшкен кезде мынадай жаттығулар жасалады: науқас етпеттеп жатып, еңбектеп тұрады. Сонан соң түрегеліп тұрып, алға-артқа, екі жаққа кезек иіліп, денені осьтің бойымен айналдыра бұрайды, денені тік ұстап жүреді. Қимыл-қозғалыс жай ырғақпен, баяу түрде жасалады.

Науқас еркін жүре бастағанда аяқ-қол қимылдары толық қосылып, орташа жылдамдықпен атқарылады. Мұнда доп, шығырық, шеңбер, жеңіл гантель сияқты заттарды пайдаланады.

Шонданай невриті – өзінше жеке кездесетін неврит. Ол мықыннан бастап өкшеге дейін қақсатады. Әсіресе еңкейгенде, аяқты көтергенде ауру күшейіп кетеді. Осының салдарынан адам жүруден қалады. Кейде аяқтың бұлшықеттері семіп кетеді. Оны уақытында емдемей, асқындырып алса, аяқтың басы жансыздануы мүмкін. Бұл адамның жүруін одан әрі қиындатады.

Сондықтан емдеу жаттығуы құяң ауруындағыдай тәртіппен орындалғанымен, ең алдымен, аяқ басына назар аударылады. Егер өздігінен қозғалмаса, аяқтың басы салақтап қалмас үшін тақтайға, темір тордан жасалған арнайы қалыпқа салып, таңып тастайды. Аяқ басы мен жіліншік арасы тік бұрыш құрауы керек. Осындай алдын ала дайындалған аяқты жан-жағына қимылдатып, еденге басып, түрегеліп жүруге болады.


Г. Икіманова
медицина ғылымының докторы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру