ЖЫН ТАЙПАСЫ

15 шілде 2024 1265 0
Оқу режимі

قَالَ اللهُ تَعَالَى: قُلْ اُوحِيَ اِلَيَّ اَنَّهُ اسْتَمَعَ نَفَرٌ مِنَ الْجِنِّ فَقَالُٓوا اِنَّا سَمِعْنَا قُرْاٰنًا عَجَبًا يَهْدِي اِلَى الرُّشْدِ فَاٰمَنَّا بِهِ وَلَنْ نُشْرِكَ بِرَبِّنَٓا اَحَدًا. (سورة الجن، 1-2)

Aлла Тағала былай дейді (мағынасы): “(Уа, ардақты елшім) былай де: «Маған келген уахи бойынша, бір топ жын (мен оқыған Құранды) тыңдап, кейін (тайпаларына барып): ‘(Уа, жарандар), расында, біз таңғажайып Құран тыңдадық’». «Ол әрдайым хақ жолға бастайды, біз оған иман еттік. Біз ендігәрі Раббымызға ешкімді және ешнәрсені серік етіп қоспаймыз!» (Жын сүресі, 1,2-аят)

Адамнан басқа ақылды тіршілік иесі үш түрлі: 

• Бәрі түгел ізгі болғандар – періштелер. Қателік жасамайды, адамды алдамайды, Aлланың бұйрығынан шықпайды. 

• Бәрі түгел жаман болғандар - шайтандар. Адамды алдайды, зұлымдыққа, жамандыққа ұмтылады.

• Ізгісі де, зұлымы да барлар - жындар. Aлла Tағала адамды жаратпас бұрын жындарды(оттан) жаратқан. 

Жындар жайлы соқыр сенім көптеген аятта теріске шығарылып, Жын сүресінде нақты баяндалған:

Бұл сүреде жындар жайлы жаңсақ сенімнің дұрыс емес екені, Құранның оларға тигізер әсері мен жындардың қалай болмасын бар екендігінен бөлек, олардың да мұсылманы мен кәпірі, жақсысы мен жаманы болатыны, сондай-ақ, Аллаға ешбірінің үкімінің өтпейтіні, Алла алдында әлсіздігі мен жауапты екендігі, бәрінің басына қиямет орнайтыны айтылған.

Алла Тағалаға иман еткендер олардың зұлымдығынан  қорықпауы тиіс. Олардың адамға зиян, кесірі де, айналып келгенде, адам арқылы жүзеге асады. Пайғамбарымыз (с.a.у.) жіберілген соң, жындар надандық пен бүлік кезінде істеген нәрселер жасай алмайтын және  бұрынғыдай жеткісі келген жерге жете алмайтын болған. Ол жерлерде өздерін бақылап, кіруіне мүмкіншілік бермейтін алаулаған отқа кезігетін, ал зұлымдығын тоқтатқысы келмегендер Алланың құдіретіне қарсы үкім жүргізе алмайды. Жындар Aллаға иман келтіргендерге ешқандай зиян келтіре алмайды. Жындардың иман етпегендері құрдымға кетіп, жаһаннам отына күйеді. Ал иман еткен жындар болса, шындық пен туралық үшін қызмет етеді. Расында, Aлладан басқаға дұға жасап, құлшылық жасауға және жындар ғайыпты біледі деп ойлап қателесуге болмайды. 

Шайтан да жынның бір түрі. Шайтанның адамға қас екенін  біліп, оған еріп, уәсуәсасына көнуден сақтану керек, oның зұлымдығынан “Әғузу билләһи минәш-шәйтанир-ражим” деп, Алладан пана сұрау қажет.

Пікірлер Кіру