«Адасудан құтқарушы» кітабы жарыққа шықты

09 қаңтар 2020 6184 0
Оқу режимі

Нұр-Мүбарак университетінің Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы V-ХІ ғасырлардағы Ислам әлеміндегі сенімдік және философиялық бағыттар жайлы мәлімет беретін «Адасудан құтқарушы (әл-мунқиз мин әд-далал)» кітабын жарыққа шығарды.

Кітап авторы – ортағасырлық ғұлама, Ислам тарихындағы ең ықпалды ойшылдардың бірі Әбу Хамид әл-Ғазали. Жан дүниесіндегі арпалысты өз қаламымен жеткізген әл-Ғазалидың автобиографиялық сипаты бар кітабын қазақ тіліне тәржімалаған – Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, докторант Ернар Есімқұлов. Батыс пен Шығыс әлемінде ерекше қызығушылық тудырған бұл еңбек бұған дейін француз, ағылшын, хинди, парсы т.б. тілдерге аударылды. Енді міне қазақ тілінде жарық көріп отыр.

«Кітаптан атақты ғалымның ақиқатқа жетудегі табандылығын әрі ілімді тыңғылықты зерттеп барып қана айтқан тұжырымын, мұсылман адамның бойынан табылуы тиіс парасаттылық пен даналықтың үлгісін көруге болады. Ортағасырлық ғұламаның әр сөзі мен тұжырымы қатпар-қатпар ой жиынтығы болғандықтан аударуда қиындық тудырғаны белгілі. Соған қарамастан «Ғазалидің ой әлемін, ақиқат жолындағы табандылығын, ақиқатты жалған көзқарастар мен түсініктерден тазартудағы ыждаһатын өзгелердің емес, өз қаламынан туған еңбектен тануға, таныстыруға деген ықылас бізді осынау құнды еңбекті аударуға итермеледі. Кітапты оқыған әр оқырман, Ғазалиден өз үлесін алады деген үміттеміз», – дейді Ернар Есімқұлов.

Жаңа туындының жауапты редакторы – Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD, доцент Қайрат Құрманбаев. Кітап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті тарапынан жүргізілген дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған. Кітапты оқыған әр оқырман, орта ғасырда өмір сүрсе де Ислам әлемінде өшпес із қалдырған ғұлама Ғазалидің сұңғыла ойымен танысып, ақиқатты таразылауда мүмкіндігі артады деген сенім де мол.

Дереккөз: Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру