ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУІНІҢ ҚАНДАЙ МАҢЫЗЫ БАР?

12 қыркүйек 2022 2621 0
Оқу режимі

16 қыркүйекте елордадағы Республикалық бас мешітте әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имамы шейх Ахмед Тайыптың жұма уағызын айтатыны жөнінде хабарлаған болатынбыз. Бұл – ел мұсылмандары үшін айтулы оқиға. Ал әл-Азһар шейхының Қазақстанға келуінің қандай маңызы бар?

Әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам – ислам жетекшілерінің ең жоғары атағы.  Тарихқа көз салсақ, 1679-2022 жылдар аралығында 50 дін қайраткері әл-Азһардың Жоғарғы имамы болды. Алғашқылары Мұхаммед әл-Хараши, Ибрагим әл-Бармауи, Мұхаммед ан-Нашарти болса, 1980 жылдардан бастап Мұхаммед Әбдірахман Бисар, Джад әл-Хак, Мухаммад Саид Тантауи және Ахмед ат-Тайеб бұл атаққа ие болды.

Сондай-ақ шейх Ахмед Тайып – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы. Дін қайраткері саңлақ сахаба Әли ибн Әбу Тәліп пен Фатима анамыздың ұлы Хасаннан (Алла баршасына разы болсын) тарайды.

Ахмет Тайып 2010 жылы тарихи тұрғыдан ислам әлемінің негізгі білім, ғылым және рухани орталықтарының бірі – әл-Азһардың жоғарғы имамы атанды. Әрі ол бұрын университетті өзі де басқарған, сонымен қатар Мысырдың бас мүфтиі болған.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын, барша мұсылман жамағатын айтулы шараға, яғни Ислам әлемінің беделді тұлғасы айтатын жұма уағызына шақырамыз. Бас мешітке келуші жамағатқа көлікпен кіру-шығу жолдары төмендегі картада нақты көрсетілген.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру