Алматыда экстремистік ұйымға қатысы бар адамдар ұсталды
Алматы полициясы экстремистік ұйым жұмысына атсалысқан тұрғындарды ұстады. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Демеуова, Шевчук, Джаукерова, Әшірәлиев және тағы басқа азаматтарға қатысты ҚР ҚК 405-бабы бойынша кешенді тергеу жұмыстары жүргізілді. Жедел тергеу жұмыстарының нәтижесінде аталған тұлғалардың адамдарды санкцияланбаған экстремистік қозғалысқа шақырғаны анықталды.
Тінту кезінде олардың үйінен экстремистік мазмұндағы плакаттар, парақшалар, түтін шығаратын шашкалар, дыбыс зорайтқыштар, аэрозоль бояу баллондары, компьютер, байланыс құралдары табылды. Сонымен қатар, ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Бұл қаражатты олар заңға қайшы акцияларды ұйымдастыру кезінде пайдаланбақ болған. Техникалық құралдардан да экстремистік идеяларды насихаттау деректері анықталды.
Күдіктілердің бірқатары өз кінәсін мойындады. Қазір аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айта кету керек, осының алдында Демеуова, Шевчук, Джаукерова, Әшірәлиев деген азаматтармен алдын ала түсіндіру әңгімелері жүргізілген болатын. Сондықтан, оларды үйқамақта ұстау туралы бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеушілер шара қолданар кезде олардың отбасылық ахуалын ескерген еді.
Соңғы тергеу жұмыстарының нәтижесіне қарай тергеушілер жоғарыдағы азаматтардың бұлтартпау шарасын үйқамақтан өзгертіп, оларды қамауға алды. Басқа қатысушыларға қатысты әкімшілік жаза тағайындалды.
Дереккөз: Қазақпарат