Ақтөбеде Нұр-Мүбарак университетінің дайындық бөлімі ашылды (ФОТО)
Еліміздің рухани тұрақтылығының алтын діңгегіне айналған Нұр-Мүбарак университетінің Ақтөбе қаласында Дайындық бөлімі ашылды. Біршама уақыттан бері жан-жақты талқыланған жобаның тұсаукесеріне Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат ал-Жинди бастаған делегация арнайы қатысып, дайындық бөлімінің маңыздылығын жан-жақты тоқталған болатын.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин: «Мемлекетіміз жастардың білім алуына қолдау көрсетіп, жан-жақты жағдай жасауда. Соның ішінде, діни білімді де шетел аспай-ақ, өз елімізде алуға бүгінгі күнде толық мүмкіндік бар», – деп тілектестігін білдірді.
Тұсаукесер сәтінен кейін ректор Мухаммад аш-Шаххат ал-Жинди өңір басшысына оқу орнын аралатып, ғимарат ішімен таныстырды. Жаңа төрт қабатты орталық нысан демеушілердің көмегімен тегін беріліп отыр. Заман талабына сай жабдықталған бөлімде өзге өңірден келген білім алушылардың жатып оқуына да жағдай жасалған. Орташа жиырма шәкіртті қабылдауға мүмкіндігі бар.
"Дайындық курсында болашақта Нұр-Мүбарак университетінде жоғары білім алу үшін қажетті дәрістер, Құран тәжуиді, араб тілі, Қазақстан тарихы т.б. маңызды пәндер оқытылады. Себебі шәкірттер оқу жылында діни сауатпен ғана шектелмей, еліміздің тарихы, халқымыздың дінмен астасқан салт-санасын кітаби негізде оқып-білуге қол жеткізбек. Бұл болашақ дін мамандарының жан-жақты білімді де білікті тұлға болып қалыптасуын қамтамасыз етеді",- дейді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманабев.
Көптен күткен салтанатты шараға жергілікті ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар келіп жүрекжарды лебіздерімен қоса шашу шашып, ақ баталарын берді.
Дереккөз: nmu.kz