«Әзірет Сұлтан» мешіті 350 баланы мектепке дайындады (ФОТО)

24 тамыз 2018 8854 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті жылдағы үрдіс бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізіп, мұқтаж отбасылар баласын жаңа оқу жылына дайындады. Мешіт ашылғалы бері өткізіліп келе жатқан акция аясында биылғы жылы 350 оқушыға мектеп формасына қажетті қаражат пен құрал-жабдықтар толтырылған сөмкелер тарту етілді. Бас мешіттегі қайырымдылық акциясына «Уақып» қоры да өз үлесін қосып, 100 оқушыға мектеп сөмкесін сыйлап отыр.

Қасиетті жұма күніне тұспа-тұс келген игі шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысып, бүлдіршіндерге ақ батасын беріп, сыйлықтарды өз қолымен табыс етті. Сондай-ақ, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбай мырза да оқушыларға ақ жол тілеп, бүгінгі шараның мән-маңызын арттыра түсті.

Айта кетейік, бүгінде бұл шара бұқаралық сипат алып, «Мектепке жол» атауымен еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы өңірдегі өкілдіктердің ұйымдастыруымен акция аясында 5000-нан астам оқушыға мектеп формасы мен сөмке толы құрал-жабдықтар тарту етіліп, қуаныш сыйланды.

Пікірлер Кіру