Бас мешіт шәкірттері арасында «Сұлтан аруы» анықталды (ФОТО)

27 мамыр 2019 9584 0
Оқу режимі

Кеше республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздарының ұйымдастыруымен шәкірттер арасында «Сұлтан аруы» байқауы өтті. Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған байқау барысында мешіттегі Діни сауат ашу курсының шәкірт қыздары түрлі сынақтан өтіп, өздерінің білім деңгейін, тәлім-тәрбиесі мен өз өнерлерін паш етті.

Тал шыбықтай бұралған шәкірттер қыздардың өнеріне бағалап, арасынан үздігін таңдау төрелігі «Сəдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы Көксеген Айгүл, «Əл-Ғани» мешітінің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Аягөз Абдрамановаларға жүктеліп, үміткерлердің діни білімдері де сарапқа салынды.

Жалпы үш кезең бойынша түрлі сынақтан өтіп, жамағат алдында қасиетті Құран аяттарын оқып, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері бойынша білім жарыстырған үміткерлер ақындық қабілеттерін де көрсетіп, өздерін өлең-жырмен таныстырудан бастады. Сондай-ақ, сайыс барысында шариғат талаптарына сай киім үлгілерін де таныстырып, арнайы дайындап әкелген бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Шәкірт қыздардың өнері мен білімдері жан-жақты талқыға түскен байқау қорытындысы бойынша «Сұлтан аруы» атағына Қайратқызы ділнұр ие болып, жүлделі І-орынмен марапатталды. Ал, ІІ-орын иегері Бауыржанқызы Шолпан атанса, ІІІ-орынға Бектібайқызы Аққал лайықты деп танылды. Жүлдегерлердің барлығына «Әзірет Сұлтан» мешітінің арнайы дипломдары табысталып, сыйлықтар тарту етілді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру