БАС МҮФТИ БАСТАҒАН ЕЛОРДА ИМАМДАРЫ ТЕАТРДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ТАМАШАЛАДЫ (ФОТО)

03 қараша 2025 480 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастауымен елорда имамдары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында қойылған «Патша көңілім, не дейсің?» атты отбасылық қойылымды тамашалады.

Қойылымнан соң Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ қоғамындағы қара шаңырақтың мәні мен рухани маңызына тоқталды: «Расында, қазақ ұғымында қара шаңырақ – отбасының, әулеттің, ру мен ұрпақтың бірлігін, берекесін, киесін сақтаушы қасиетті ұғым. Қара шаңыраққа құрмет – ата-баба рухына, түп тамырға деген құрмет. Қазақ «Қара шаңырақтың иесі» деп үлкен мәртебе береді. Қазақта «Қара шаңыраққа бата берілмейді, одан бата алынады» деген сөз бар. Бұл сөз қарашаңырақтың мәртебесі мен қасиетті екенін көрсетеді. Қазақ үшін қара шаңырақ – жай ғана үй емес, ол әулеттің рухани орталығы, береке мен бірліктің белгісі. Оны сақтау – ұрпақтың парызы мен абыройы», – деді Бас мүфти.

Айта кетсек, қойылымда отбасы ұйытқысының рөлі, қара шаңыраққа деген құрмет және ұрпақтар сабақтастығының маңызы сахналық көріністер арқылы әсерлі түрде бейнеленді.

Пікірлер Кіру