Бас мүфти Ислам институтының директорымен кездесті

15 тамыз 2020 4482 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Серікбай қажы Оразбен кездесті.

Жүздесу барысында оқу ордасының жұмыс есебі мен институттың алда атқарар жұмыстарының жоспары тыңдалды. «Пандемия жағдайы барлық салаға әсерін тигізді. Соның ішінде білім ордаларына да әсер етті. Алайда босаңсуға еш негіз жоқ. Онлайн оқытудың барлық амалы жасалды. Институт ұстаздары да жаңа заманның мүмкіндіктеріне бейімделді» деп атап өтті Серікбай қажы Ораз.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы имамдардың білімін жетілдіру күн тәртібіндегі басты талап екенін айта келе, «Ислам институтының оқу бағдарламасы заман талабына сай жетіліп отыруы керек. Имамдарды тек діни біліммен шектемей, ғылыми жаңалықтар, ақпараттық технологиялар, тарих мен психологияны жетік білетін жан-жақты маман етіп даярлауға күш салуымыз қажет» деді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру