Бас мүфти Каирде елшімен кездесті (ФОТО)
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапары барысында осы елдегі Төтенше және Өкілетті елшіміз Қайрат Лама Шарифпен кездесті.
Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарма жанынан құрылған «Талаба» қауымдастығының жұмысына қолдау көрсетіп келе жатқан елшіге айрықша алғысын білдірді. Сонымен қатар Діни басқарма жолдамасы бойынша Каирде діни білім алып жүрген қазақстандық студенттерге елшілік тарапынан әрдайым қамқорлық жасалып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Сіз біздің халықаралық деңгейдегі бастамаларымызға қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып келесіз. Мысыр мүфтиімен ортақ келісімге қол қойдық. Әл-Азһар шейхы Ахмет Тайып Қазақстан үшін 50 білім грантын бөлетін болды. Каирдегі Ислам зерттеу орталығымен ынтымақтастықты арттыруға уағдаластық. Осындай жетістікке жетуімізге өзіңіз бастаған елшілік қызметкерлері сүбелі үлес қосты. Сіздерге риясыз ризашылық ниетімді жеткіземін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қайрат Лама Шариф Бас мүфтидің әл-Азһар шейхымен, Мысыр мүфтиімен кездесуін, Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңесте мазмұнды баяндама жасауын жоғары бағалап, тарихи іс-шаралар екі елдің рухани байланысына оң ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі