Бас мүфти: Кез келген тығырықтан шығар жол – иман
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы отандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында осылай деді.
«Өтпелі сынақ сәтінде үмітсіздік пен күйзеліске бой алдырмай, Аллаға жақындауымыз қажет. Аллаға жақындау дегеніміз – Оның жер бетіне орнатқан заңдылығымен жүру. Адам баласының Аллаға деген нық сенімі, яғни иманы оны кез келген тығырықтан алып шығады. Иман шартын жүрегіне бекіткен мүмін жақсылық пен жамандық – Алладан деп қабылдайды. Нығметке кенелсе – шүкір етеді, қиындыққа тап болса – төзімділік танытады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Мұсылмандар) Босамаңдар да қайғырмаңдар. Егер мүмін болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар» («Әли Имран» сүресі, 139-аят), – деп мұсылман баласын сүйіншілеген. «Аққа Құдай жақ» дегендей, осы сынақ кезеңінен ақ адал ниетімізбен аман-есен өтуді жазғай», – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі