БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

18 мамыр 2023 1902 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында қазақ даласынан шыққан көрнекті ғұлама-ғалым Хусамуддин әс-Сығнақидың 800 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ислам өркениеті кеңістігіндегі Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, баяндама жасады.

«Қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың өнегелі өмірін, сіз бен бізге қалдырған рухани бай мұрасын жастарға, жалпы қоғамға дәріптеу – баршамыздың бұлжымас борышымыз, қасиетті парызымыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз өткен жылы көрнекті тұлғамыздың есімін дәріптеу мақсатында Астана қаласынан, Сығанақи даңғылының бойынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Хусамуддин әс-Сығнақи атындағы ислам институтын аштық.

Қазақ жерінің тумасы Хусамуддин әл-Хүсейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли ас-Сығнақи (Алла оны рақымына алсын) – исламтану, фиқһ, усул-фиқһ, ақида саласына мол еңбек сіңірген діни қайраткер, Ислам әлемінің көрнекті ғұламасы. Ол араб тілі жайлы үлкен еңбек жазған оқымысты, танымал лингвист. Ислам ғылымы мен білімінің дамуына сүбелі үлес қосқан, артына өшпес мұра қалдырған бірегей ғалым» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, халықаралық конференцияда Мысыр Араб Республикасы Президентінің Ислам істері жөніндегі кеңесшісі, әл-Азһар университетінің профессоры, шейх Усама әс-Саид Махмуд Мұхаммед әл-Азхари, Мысыр Араб Республикасының Уақып вице-министрі Махмуд Абдулхалек Абдулхалек әл-Фархани, сонымен қатар халықаралық Ислам ұйымдарының өкілдері баяндама жасап, ғұлама бабамыз жайлы тың деректерді бөлісті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру