Бас мүфти маңғыстаулық имамдарға дәріс оқыды (ФОТО)
Бүгін Маңғыстау облысына сапармен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында имамдарға дәріс оқып, діни салада жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
«Зияткер имам келбеті» тақырыбында өрбіген дәрісте Бас мүфти дін қызметкерінің жауапкершілігіне тоқталды.
«Имамның әр сәті – жауапкершілік. Өйткені біз Алланың аманатын арқалап жүрген жанбыз. Халықты имандылыққа үндейтін имамның бойында ізгілік құндылықтары үнемі көрініс тауып отыруы тиіс. Барлық істе бірлік керек. Баршаңыз өз араларыңыздағы басшыға бағынып, бір үйдің баласындай бірлесіп, ұйымдасып дінге, халыққа қызмет етуде ыждаһат танытып, белсенді болыңыздар. Халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Адамның алғысын алған пенде Алланың да ризалығына бөленеді. Баршаңызды жұртқа жақсылық жасауда өзара жарысуға шақырамын», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар, Бас мүфти өз дәрісінде дін қызметкерлерін әлеуметтік желінің әлеуеті мен игілігін тиімді пайдалануға үндеді. Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы маңғыстаулық имамдарға нақты тапсырмалар берді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі