Бас мүфти Мақтаарал жұртшылығымен кездесті (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мақтаарал жұртшылығымен жүздесті. Кездесуге ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров, аудан имамдары қатысты.
Бас мүфти жергілікті жұртшылыққа насихатын айтып, қиындыққа тап болған азаматтарды сындарлы сәтте қасиетті Рамазанда дұға етуге үндеді.
«Алла Тағала әр адамды әртүрлі деңгейде сынайды. Жаратушы Иеміз Құранда: «Кейде бір қорқыныш-үрей төндіру, таршылық жасау, мал-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы Біз сендерді сынаймыз. Осындай тауқымет келген шақта: «Біз Алланың пендесіміз және оның алдына қайтып, барамыз» деп сабыр сақтаушыларды (ей, Мұхаммед!) сен қуандыр. Алланың рақымы мен ықыласына лайықты жандар – солар, тура жолдан аумайтындар да солар», – дейді. Сынақ өмір болған соң, сыналмайтын пенде жоқ. Бәріміз де түрлі деңгейде сыналып жүрміз. Алла Тағала бұл сынақты тезірек еңсеруді нәсіп етсін. Аллаға шүкір, мемлекетіміз дер кезінде қамқорлығын көрсетуде. Енді жаңа қоныстарыңызда жақсылықта жүздесуді жазсын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Игі шарада Бас мүфти тұрғындарға Рамазан сыйлығын табыстап, дұға жасады. ҚМДБ Төрағасымен сұхбаттасқан Мақтаарал жұртшылығы дін қызметкерлеріне алғысы мен шынайы ниетін жеткізді.