БАС МҮФТИ «МАҚТҰМ СЕЙІТ» МЕШІТІНІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

23 мамыр 2024 1112 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр еліне барған сапарында Қызылорда қаласындағы «Мақтұм сейіт» мешітінің ашылу рәсіміне қатысты.

Игі іс-шарада жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаған Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы Иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған көңіліне жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Ал мешіттің жанынан діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы. Мешітте отбасылық кеңес беру, бала тәрбиесі, тұсау кесу сынды іс-шаралар, дәрістер өтеді. Сондай-ақ мешіттер мемлекет тарапынан қолға алынған отбасы институтын дамытуға айтырлықтай үлес қосуда.

Мешіт – өмірдің ең өзекті мәселелері шешілетін қасиетті орын. Бір ғұлама «Өмір – мешіттің ішінде, мешіт – өмірдің ішінде» деген екен. Түйіндеп айтқанда, мешіт пен өмір – егіз ұғым. Расында, мұсылманның өмірі мешіттің ішінде. Дүние есігін ашқан сәтте сәбидің құлағына азан шақырылады. Шілдехана, тұсаукесер сынды діни һәм дәстүрімізде қалыптасқан рәсімдер барысында мешіт имамдары бата беріп, дұға жасайды. Қаншама жандар мешіттерден көмек алып, өмірге деген құлшынысы артып, үміттері қайта жалғанып жатады. Жолда қалғандар мен қарызға батқандар, науқастанған жандар мен көпбалалы отбасылар аз да болса Алла үйінің шарапатына бөленуде. Мешіттерде тұрақты түрде «Жүрек жылуы», «Өмірге үміт сыйла», «Мектепке жол» сынды қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып келеді. Мешіттерімізде әр жыл сайын 100 мыңға жуық оқушының оқуға қажетті сөмкесі, киім-кешектері мен оқу құралдары беріледі», – деді.

Ашылу рәсіміне қатысқан Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов игі тілегін білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру