Бас мүфти Мысыр сапарының қорытындысы туралы сұхбат берді (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапарының қорытындысы туралы «Халық арна» мен жергілікті мемлекеттік телеарналарға сұхбат берді.
«Мысыр еліне жасаған сапарымда Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңесте баяндама жасадым. Әл-Азһар шейхы Ахмет Тайыппен кездестім. Кездесу қорытындысы бойынша Мысыр тарапы қазақстандық студенттерге 50 білім грантын бөлетін болды. Уақып министрі Мұхтар Жұмамен бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Мысыр мүфтиі Шауқи Алламмен болған кездесуде ғылыми және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық.
Каирде діни білім алып жатқан қазақстандық студенттерді жан-жақты қолдау үшін ҚМДБ-ның Мысырдағы жауапты өкілін тағайындадым. ҚМДБ «Зекет» қоры есебінен «Талаба» студенттер қауымдастығына қайырымдылық көмек жасадық» деп атап өтті сұхбатында Наурызбай қажы Тағанұлы.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі