БАС МҮФТИ: ҚҰРАН ҚҰТТЫ ОРНЫНА ОРАЛДЫ (ФОТО)

04 шілде 2023 2025 0
Оқу режимі

Бүгін Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыстау шарасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.

«Жақында ғана Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен киелі Түркістанда Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысы өтті. Сол алқалы жиында Президент сүйінші хабар айтып, әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын жария еткен болатын.

«Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар» деген еді Президентіміз.

Бүгін бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдап алып жатыр. Құран құтты орнына оралды. Біз Құранды толық дезинфекциялап, реставрация жасатып, көшірмесін дайындау үшін Астанадағы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына» табыстаймыз. Құнды мұра қалпына келтірілген соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады. Екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді қариларымызға оқытып, сауабын Кенесары хан мен Марал ишан бабаларымызға бағыштаймыз» деді ҚМДБ Төрағасы.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру