Бас мүфти Рамазанға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді (ФОТО)

14 мамыр 2018 9012 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Алматы қаласында «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінде қасиетті рамазан айының келуіне орай баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз жиынына Бас мүфтидің бас кеңесшісі, шейх Мұхаммед-Хұсейн Алсабеков, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы, ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қажы Шоқаевтар қатысты.

Баспасөз мәслихатында бірінші сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады». Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, науқас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін», – деді.
Шейх Мұхаммед-Хұсейн Алсабеков пен Сансызбай қажы Құрбанұлы оразаға қатысты кейбір мән берер мәселелерді атап өтсе, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қажы Шоқаев қасиетті айда шаһарда атқарылар ауқымды іс-шаралар, қайырымдылық акциялар мен игі жобалар жайлы журналистерді хабардар етті.

Кездесу соңында тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға Бас мүфти жан-жақты жауап қатты.

Пікірлер Кіру