БАС МҮФТИ СЪЕЗД ХАТШЫЛЫҒЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

13 қыркүйек 2022 2595 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХХ отырысы басталды.

Хатшылық отырысына Сенат Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев төрағалық етті.

Алқалы жиында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің күн тәртібі мақұлданып, секциялық отырыстардың модераторлары мен баяндамашылары бекітілді.

Отырыс барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда ғана әлемде береке орнайтынын атап өтті. ҚМДБ Төрағасы Ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластыру бағытындағы рөлі өте жоғары екендігін жеткізді.

«Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін» деген өсиеті бар. Ислам ғұламасы Жәлеледдин Руми: «Шоқ қай жерге түссе де мені күйдіреді» деген болатын. Шынында, шоқ жер шарының қай тарапына түссе де, бәрімізге өз зиянын тигізбей қоймайды. 

Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез-келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ, жиында декларация жобасы мақұлданып, хатшылықтың ХХІ отырысы мен VIIІ съездің өткізу күні мен орны айқындалды. Басқосу соңында хатшылық отырысының хаттамасы қабылданды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру