БАС МҮФТИ СЪЕЗДЕ СЕКЦИЯ ОТЫРЫСЫН ЖҮРГІЗДІ (ФОТО)

15 қыркүйек 2022 2597 0
Оқу режимі

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің секциялық отырысы өтті. «Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлі» тақырыбындағы төртінші секция жұмысын ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жүргізді.

ҚМДБ Төрағасы Ислам дінінде әйелге айрықша мәртебе берілгенін айта келіп: «Имандылық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің ерекше үлгісін көрсеткен. Нәзік жанды құрметтеуге келгенде оны тіпті төрге шығарған, ал тәрбиесіне келгенде қызды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды.

Жаратушы Иеміз «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп бұйырған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін»,  – деп сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсеткен», – деді.

Секция отырысында конфессиялық кеңістіктегі қазіргі заманғы әйелдің бейнесі, қазіргі әйелдің өміріндегі діннің рөлі, діннің отбасындағы және қоғамдағы әйелдердің рөліне көзқарасы, әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі діннің рөлі, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға діннің қосқан үлесі, әйелдер және адами бауырластық мұраттарын тәрбиелеу т.б .тақырыптар сөз болды.

Басқосу барысында ИЫҰ жанындағы Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының басшысы Махмуд Эрол Килич, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен, БАӘ-нің Толеранттылық және бірге өмір сүру министрлігі кеңсесінің бас директоры Афра Мұхаммед әл-Саабри, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теологы Нұржан Стамбакиев, «UniãoPlanetária» президенті Исис Мария Боргес де Ресенде, UNICEF ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасова, Сенат жанындағы «Жас сарапшылар клубының» мүшесі Жұлдызай Ісқақова баяндама жасап, әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру