БАС МҮФТИ СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН ОТБАСЫЛАРҒА БАСПАНА КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ

28 мамыр 2024 1185 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай өңіріне жұмыс сапары барысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға баспана кілтін табыс етті. 

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында өткен салтанатты рәсімде Бас мүфти «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында баспаналы болған 7 отбасыны құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. 

«Өздеріңізге белгілі биылғы көктем еліміз үшін оңай болмады. «Тау мен тасты сел бұзар, адамзатты сөз бұзар» демекші, су тасқыны көптеген елдімекендерді, қалаларды басып, мыңдаған отбасы баспанасыз далада қалды. Үйсіз қалған әрбір қазақтың қайғысы – бәрімізге ортақ. «Қазаны бірдің қайғысы бір» дейді дана халқымыз. Бір елдің суын ішіп, отына жылынып отырған біздер, сіздермен әрқашан біргеміз.

Алла Тағала қиындық соңынан жеңілдік беріп, қайғы соңын қуанышқа ұластырып отыр. Бірте-бірте үйін су басқан бауырларымыз жаңа баспаналарына қол жеткізе жатар. Ал біздің бүгін сіздерді құттықтап, қуанышқа ортақтасып келіп жатқан жайымыз бар. Тағы бір ерекше атап өтетіні, осы отбасылар арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен осы айдың басында өткізілген қайырымдылық жәрмеңкесінің нәтижесінде «Қиындықта ел бірге» жобасы аясында Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасыға пәтер беріліп отыр» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Айта кетейік, Дәулет Дүйсенбаевтың отбасына пәтер ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұйытқы болуымен қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаражатқа сатып алынды. Дәулет Дүйсенбаев Арқалық қаласының тұрғыны, өзі Астанада жұмыс істейді және жұбайы Эльмира бес баланың күтімімен үй шаруасында. Сондай-ақ баспаналы болған жеті отбасыға Әйел-қыздар секторы 100 төсек-орын жабдығын тарту етті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру