БАС МҮФТИ «ТӨЛЕ БИ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

19 мамыр 2023 2762 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Төле би» мешітінде жұма уағызын айтты.

«Тағдырға разылық таныту» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Асыл дінімізде иманның жеті шарты бар. Біз оны «Әмәнту» деп атаймыз. Хакім Абайдың «Әмәнту оқымаған кісі бар ма? Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?» деп айтатыны сондықтан болса керек.

Тағдыр дегеніміз не? Тағдыр араб тілінде «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» деген мағынаны білдіреді. Ал, ша­ри­ғат­ термині бойынша Алла Тағаланың әу ба­ста болатын бар­лық нәрсені жа­рат­па­стан бұ­рын шек­сіз ілі­мі ар­қы­лы ег­жей-тег­жейіне дейін білуін және оларды бел­гі­лі бір өл­шем­ге қа­рай реттеуін, жүйе­леуін, арнайы бел­гі­леуін «тағ­дыр» дей­міз.

Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылған» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру