БАС МҮФТИГЕ ҚАЖЫЛЫҚ-2022 МАУСЫМЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ЕСЕБІ БАЯНДАЛДЫ (ФОТО)

25 шілде 2022 3491 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қажылық-2022 маусымында атқарылған іс-шаралардың есебін қорытындылау жиыны өтті.

Қажылық маусымын қорытындылауға арналған мәжіліске Діни басқарма ұжымы мен биылғы Қазақстан қажылық миссиясының құрамы қатысты.

ҚМДБ Төрағасы ең алдымен Құрбан айтпен қатар келетін бес парыздың бірі қажылық маусымының абыройлы өткенін айтып, елімізден барған 4 000 адамның аман-есен құлшылығын өтеп келуіне барынша атсалысқан миссия жұмысына, Елшілік пен Сауд Арабия тарапының қолдауына тоқталып өтті.

«Қажылық маусымын ұйымдастыру Діни басқарма жұмысының бір саласы. Осыған ерекше мән беріліп, пандемиядан кейін қысқа мерзімде үлкен жұмыстар атқарылды. Әрбір отандасымыздың құлшылығын еркін өтеуіне жағдай жасауға тиіспіз. Сондықтан осы кезеңде жүк бізге де артылады. Миссия құрамы осы міндетті абыроймен атқарды. Бұл істі барынша жетілдіре түсуге тиіспіз» деді Бас мүфти.

Жиын барысында сөз алған биылғы миссия төрағасы, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы қажылықты ұйымдастыруда бес бағытқа бөлгенін жеткізді. Атап айтсақ, ұйымдастырушылық, екінші уағыз-насихат, ақпарат, алғашқы дәрігерлік көмек және діни сұрақ-жауап.

«Ұйымдастыру жұмыстары елімізден басталды. Әр қажының ұшақ бортына отыруынан бастап, қасиетті мекенге аман жетуіне дейінгі бағыты қадағаланды. Қажылардың рухани демалысын сәтті пайдаланып, әр компанияға Діни басқарма тарапынан уағызшы имамдар бекітілді. Сондай-ақ отандастарымыз тоқтаған қонақ үйлердің сапасы, асхана, орналасқан орны тексерілді.

Екінші бағыт – уағыз-насихат. 4 000 қазақстандық қажыға 399 тақырыпта уағыз айтылды. Ал үшінші бағытымыз ақпаратқа келер болсақ, muftyat.kz сайтына 14 мақала, 4 сұхбат және 47 ақпарат берілді. Мұнара телеарнасына қажылыққа қатысты 12 бейнематериал шығып, тілшіміз 3 рет Мекке қаласынан тікелей эфирде тілдесті. Қазақстан қажылық миссиясы жанындағы Сall center Мекке мен Мәдина қалаларындағы қазақстандық қажылардың 739 сұрағына жауап берді. 1 155 адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді» деді наиб мүфти өз есебінде.

Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа қажылық маусымын ұйымдастыру шараларын қыркүйек-қазан айынан бастауды тапсырып, қасиетті сапарды ұйымдастыру жұмысын жетілдіру жағын баса айтты.

Жиын соңында миссия мүшелері қажылықтағы маңызды жайттарға тоқталып, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру