«Берекелі отбасы» байқауының қорытындысы шықты (ФОТО)
Сәуір айының басында отбасылық құндылықтарды, дәстүріміз бен мәдениетіміздің діңгегі болған асыл дінімізді насихаттау, қасиетті Рамазан айына дайындық мақсатында ҚМДБ «Берекелі отбасы» республикалық ашық отбасылық байқауын ұйымдастырған болатын.
Байқауға қатысушы отбасылар өз парақшаларына #берекеліОтбасы хэш-тегімен және @muftiyatkz тэгімен материалдар жүктеп, бақ сынады. Байқау «Менің отбасым», «Біздің сүйікті мешітіміз» және «Үй тапсырмасы» атты үш турдан тұрды. Үш турдан да сүрінбей өткен қатысушылар жақында жеңімпаз атанды. Жүлделі бірінші орынға Тараз қаласының тұрғындары Барақбаевтар отбасы ие болып, отандық шипажайға жолдама алды.
Екінші орын (тоңазытқыш) Қарағанды облысы Осакаров ауданы Уызбай селосында тұратын Темірбековтер отбасына бұйырды. Ал үшінші орынды (плазмалық теледидар) Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құрама ауылының тұрғындары Төребековтер отбасы жеңіп алды.
Сондай-ақ байқауда үздік өнер көрсеткен 5 отбасыға ынталандыру сыйлықтары берілді. Олар – Бахтияровтар (Атырау каласы), Кенжебаевтар (Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Үшбұлақ ауылы), Сыдықовтар (Шымкент қаласы), Мырзатаевтар (Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылы) және Қайырбековтер (Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласы) отбасы.
Жеңімпаз отбасыларды құттықтаймыз! Алла берекелі қылсын!
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі