ЧИКАГОДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫМЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

31 қаңтар 2026 52 0
Оқу режимі

АҚШ-қа жасалған жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған ҚМДБ делегациясы Чикаго қаласындағы қазақ диаспорасы өкілдері және студенттермен рухани кездесу өткізді.

Кездесуге ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров және ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев қатысты.

Бас мүфти өз сөзінде:
«Отбасы құндылығы – ұлттың тірегі. Қасиетті Құранда ерлі-зайыптылардың бір-біріне “киім” іспетті екені айтылған. Бұл – жұбайлар бір-біріне қорған, тірек, көрік болуы керек деген үлкен тағылым. Отбасында мейірім, сабыр, кешірім және өзара түсіністік болған жерде береке орнайды. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеу – ата-ананың ең үлкен аманаты әрі жауапкершілігі», – деді.

Насихат барысында отбасылық бақытқа жеткізетін маңызды құндылықтар – өзара жақсы мәміле, кешірімділік, отбасы мүшелеріне жылы көңіл-күй сыйлау, сыйластық пен жылы сөз, сондай-ақ ізгі ұрпақ тәрбиесі кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында отандастар көкейдегі сауалдарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.

Кездесу соңында Чикаго қаласындағы отандастар үшін Мүфтият баспасынан жарық көрген рухани-танымдық кітаптар жергілікті қазақ қауымы өкілдеріне табысталды.





































Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру