Дәурен Абаев Сауд Арабиясының Ислам министрімен кездесті
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2-ақпан күні Эр-Рияд қаласында Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам министрі Әбдел Латиф әл-Шейхпен кездесіп, діни жат ағымдардан жапа шеккен азаматтарды оңалту мәселесін талқылады. Дәурен Абаев Қазақстан Сауд Арабиясының Исламның рөлін нығайтуға, діннің шынайы, бейбітшілікті сүйгіш мәнін насихаттауға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Біз Сауд Арабиясының бүгін де радикалды экстремизм мен терроризмге қарсы ымырасыз күрес жүргізіп жатқанынан хабардармыз. Қазақстан әрқашан терроризмнің барлық формасы мен көріністерінде айыптап келеді. Сонымен бірге халықаралық қауымдастықтың осы құбылысты жою үшін тиімді ұжымдық күш-жігердің жұмсалуын қолдайды», – деді министр.
Шейх Әбдел Латиф әл-Шейх Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы бауырластық қатынастардың тереңдігі мен беріктігін ерекше атап өтіп, Корольдіктің Ислам діні кең таралған елдердегі бауырластарымен қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Мейірімді әрі әділетті имам Салман бин Әбдел Әзиз Әл Сауд және оның мұрагері – мәртебелі ханзаданың басшылығындағы Корольдік бүкіл әлемдегі мұсылмандардың мүдделерін ескеріп, исламы дұшпандары болып табылатын экстремистер мен террористердің зиянды әсерінен қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды». – деді шейх.
Тараптар рухани және діни саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары туралы және Исламның қазіргі жағдайының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша министрлер радикалды діни ағымдардың алдын-алу жөнінде, атап айтқанда, халықты экстремистік діни идеологияның әсерінен қорғау бойынша насихат жұмыстары арқылы тәжірибе мен ақпарат алмасуға келісті.
Сауд Арабиядағы әріптестердің озық тәжірибелерін зерделеу аясында Дәурен Абаев Мұхаммед бен Наиф атындағы оңалту орталығының қызметімен танысып, Қорғаныс министрлігінің жанындағы Идеологиялық соғыс орталығында болды.
Сондай-ақ, Эр-Риядта Дәурен Абаев Сауд Арабиясының ақпарат министрі Турки бин Абдулла әл-Шабанмен кездесті. Министрлер БАҚ саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, екі елдің ірі ақпараттық агенттіктері «ҚазАқпарат» ХАА мен «Сауд Арабиясының ақпараттық агенттігі» арасында меморандум жасасуға келісті.
Дереккөз: kazislam.kz