Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес өтті (ФОТО)
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы болып өтті деп хабарлайды Елорда Инфо.
Кеңес отырысында мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің зайырлы қоғамдағы өзара әрекеттесуінің маңыздылығы, діни қызмет және діни қызмет туралы заң нормалары, сол сияқты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы қаралды.
«Қала әкімдігінде бұған дейін де бірнеше кездесу ұйымдастырылды, елорданың діни мәселесі күн тәртібінде. Біздің мақсат - мемлекет жүргізіп жатқан саясатты жалғастыра отырып, елдегі тыныштық пен бейбітшілікті сақтау. Сондай-ақ, қоғамдағы рухани келісімді нығайту, конфессияаралық қатынастарды үйлестіру. Және де мемлекеттік саясат мәселелері жөніндегі ұстанымдар мен ұсыныстарды әзірлеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау болып табылады. Елімізде діни конфессиялық саясатты жүргізетін ақпарат министрлігі мен арнайы комитет бар. Одан бөлек, еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау жұмыстары Үкіметтің назарында. Өткен жылы дін туралы заңнаманың қабылдауына Парламент депутаты ретінде өзім де қатыстым», - деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараны өткізудегі мақсат – азаматтардың діни наным еркіндігі мен діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас құқықтарын қамтамасыз ету.
Фото авторы Сұлтан Сейітов