Ел ағалары Қадір кешімен құттықтады (ФОТО)
Қасиетті Қадір түнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Хикмет» студиясы ұсынған онлайн бағдарламада Мырзатай Жолдасбеков, Бақытжан Ертаев пен Ғарифолла Есім сынды қоғам қайраткерлері, ел ағалары мерекелік лебізін білдірген еді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков:
«Бәріңіз де үйлеріңізде тілек тілеп отырсыздар. Бұл түн – дұғалар қабыл болатын түн. Алладан еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын, балаларымыздың бақытын тілеймін» - десе, ҚР Парламентінің депутаты Бақытжан Ертаев:
«Осы дін бізді талай жақсы жолға салды. Алла Тағала қолдасын! Оразамыз қабыл болсын! Оразадан оразаға аман жетіп, төрт көзіміз түгел кездесейік! Кең-байтақ жеріміз тұтас болсын, көпұлтты еліміз тату болсын! Енді алдағы оразаның Айт мерекесіне аман-есен жетейік!» - деген тілегін жеткізді.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім:
«Еліміз аман, аспанымыз ашық. Тек басымызға келген бір індет бар. Ол да – Жаратушының бір сынағы деп білеміз. Міне, осы сынақ бізді бір-бірімізден алыстатуды емес, жақындатуды бұйырсын. Қадір түні – алысты жақындататын түн. Бұл – ықылас пен ырыздық түні. Бір-бірімізге осы Қадір түнінде жақсы сөздерімізді айтайық. Мейрам құтты болсын! – деп, Қазақ елін мың айдан да қайырлы болған Қадір кешімен құттықтады.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Хикмет» студиясы Қасиетті Қадір түнінің құрметіне Діни басқарманың youtube каналы және Instagram-дағы парақшасы арқылы 00:30-дан 02:40-қа дейін «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты онлайн бағдарламасын ұсынды.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі