Елбасы «Әзірет Сұлтан» мешітінде болды (ФОТО+ВИДЕО)

21 тамыз 2018 7875 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның бейбітшілік пен адал ниетке негізделген символдық мәнінің зор екенін және исламның мызғымас рухани құндылықтарын айқындайтынын, сондай-ақ мейірімділік пен ізгіліктің, жақсылықтың жаршысы болып саналатынын атап өтті.

– Қазақстанның барша мұсылман қауымын осы мерекемен құттықтаймын! Сіздердің барлық дұға-тілектеріңізді Алла қабыл етсін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Құрбан айттың мән-маңызы тек намаз оқумен және құрбандық шалумен шектелмейтінін айтты, сондай-ақ жағдайы жоқ отбасыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға қайырымдылық танытып, көмек көрсетуге шақырды.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда діндердің өркендеуі үшін және олардың конфессиялық ұстанымдарына қарамастан діни ғұрыптарының орындалуына барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.

– Жуырда Астанада жаһандық және конфессияаралық диалог пен қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін беретін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Құрбан айттың терең мән-мазмұны қонақжайлықты, достық пен бірлікті қастерлейтін халқымыздың рухани құндылықтарымен және мәдениетімен үндесетінін атап өтті.

– Баршаңызға зор денсаулық, әрбір отбасына бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендеп, елімізде әрдайым достық, тыныштық пен тұрақтылық салтанат құра берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер Кіру