Елордадағы «Әлжан ана» мешітіне бас имам тағайындалды (ФОТО)

12 шілде 2019 7482 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Серікбай Әділхан Иманәліұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әлжан ана» мешітінің Бас имамы қызметіне тағайындалды. Қасиетті жұма намазына жиылған мешіт ұжымы мен жамағатына республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қанат Қыдырмин жаңа бас имамды таныстырып, Бас мүфтидің бұйрығын оқып берді.

Елорда жамағатына жақсы таныс Әділхан Иманәліұлы бұған дейін «Нұр Астана» мешітінде ұзақ жылдар бойы имамдық қызмет атқарып келген болатын. Жаңа басшының осы жылдар ішінде жемісті еңбек атқарып, дін саласына қосқан орасан үлесі жайлы айтып өткен Қанат Қыдырмин Серікбай қариға сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.

Серікбай Әділхан Иманәліұлы Қазіргі Түркістан облысы, Мақтарал ауданында 1980 жылы 21-мамырда дүниеге келген.

1995-1997 жылдары Шымкент қаласындағы «Арыстанбаб» медресінде білім алған. 2000-2004 жылдары Халықаралық қазақ-араб университетін Дінтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Қызмет жолын 2006-2007 жылдары ҚМДБ Қарағанды облысы өкіл имамының көмекшілігінен бастаған Серікбай Әділхан 2007-2011 жылдары «Нұр Астана» орталық мешіті бас имамының көмекшісі, 2011-2015 жылдары Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы, 2015-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы қызметтерін жемісті атқарып келді.

Қазақ, араб, парсы, түрік, өзбек тілдерін еркін білікті ұстаз 2017-2019 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Дінтану» кафедрасының білім жетілдіріп, «Дінтану магистрі» дәрежесіне ие болған.

Бүгінде төрт баланың әкесі болған Әділхан имамның осы жылдар ішінде Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының (2015), ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің (2017), Астана қаласының әкімінің (2017), Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысының (2017), Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқарма басшысының (2018) алғыс хаттарымен марапатталғаны – қалтқысыз қызметінің белгісіндей.

 

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру