Елордалық журналистерге ауызашар берілді (ФОТО)

08 маусым 2018 7419 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі ауызашар дастарханының бұл жолғы қонақтары елордалық журналистер қауымы болды. Ел астанасындағы телеарна тілшілері, газет және сайт қызметкерлері, баспасөз саласының мамандары берекелі Рамазан дастарханында бас қосып, жамағатпен бірге ауыз ашты.

Қоғам жайын қаламмен түзеп, ел жағдайын эфирден ұсынған БАҚ өкілдерінің қатары сөгілместен Алла үйіндегі ауызаушарға қатысып, асыл дінімізге құрмет көрсеткендері көңіл тойдырып, көз қуантты. Илегені бір терінің пұшпағы болғандықтан да, әртүрлі қызмет орындарынан келсе де, дастархан басында өрбіген әңгіменің тақырыбы ортақ, тағылымы мол болды.

Айта кетейік, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жылы ауызашар дастарханының қонақтар саны 800-ге ұлғайған болатын. Осы орайда, құлшылық ордасының оң қанатындағы кіреберіс пен конференция залына да дастархан жайылып, 300 адамдық орын осы жерден қосылған болатын. Сондай-ақ, бас имам ұсынысы бойынша конференция залындағы 65  адамдық дастархан Рамазан айы бойынша арнайы қонақтар шақырылып, ауыз ашып келеді. Олардың қатарында қазіргі таңға дейін зағиптар мен құлағы естімейтіндер қоғадастығының мүшелері, елордалық ұстаздар мен ерікті студенттер қауымы, спортшылар мен діни қызметкерлер, дәрігер қауымы, т.б. арнайы шақырылған еді.

Пікірлер Кіру