Форум: Жігер берген жиын – Алматы қаласының бас имамы
Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай ІІІ республикалық имамдар форумы дін қызметкерлеріне жауапкершілік жүктегенін тілге тиек етті.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Өйткені, бұл басқосуда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» деп аталатын үлкен маңызға ие үш бірдей құжат қабылданды. Әрі аталмыш форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі теологтар, еліміз бойынша дін саласында қызмет етіп жүрген білікті 500 имамның қатысуы жиынның салмағын арттыра түсті деуге болады.
Сондай-ақ, қабылданған құжаттар, өз кезегінде, дін қызметкерлеріне тың серпін беріп, үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Сонымен қоса құжаттарда бекітілген міндеттер мен құндылықтар – дін қызметкерлерінің рухани дамуына түрткі болып, тұлғалық келбетін қалыптастыруға, қоғаммен қарым-қатынасын жақсартуға, ел арасында адамгершілік пен ерекше қасиеттермен үлгі болуға үндейді. Ал ендігі біздің мақсат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен қабылданған құжаттар негізінде насихат жұмыстарын жүргізіп, дін қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттырып, ел-жұртымызды имандылыққа баулу», – дейді Еркінбек Шоқай.