ІІІ Республикалық имамдар форумы басталды (ФОТО)
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумы басталды.
Форумға ҚР Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, т.б. ғалымдар мен белгілі теологтар, еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысты.
Форумды ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы: «Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Бұл – тілге жеңіл болғанымен, жүрекке жылы тиетін нақыл. Отбасын ізгілікке тәрбиелеу, елдің игілігіне қызмет ету, тұрақтылық пен тыншытыққа тілектес болу, міне, Отанды сүю деген осыдан басталады. Отаншыл адам өз ортасын береке мен бірлікке бөлеп, ізгілікке үндеп жүреді.
Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз дүние жоқ. Әйгілі Әйтеке бидің «Өмірім – халықтікі, өлімім – өзімдікі» деуі де сондықтан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», –деп, қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен», – деді.
Форумда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рухани тұғырнамасы, ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі, ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі сынды құжаттар қабылданады. Басқосу соңында форумның Үндеуі жарияланбақ.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі