Карантин ережелерін сақтамаған мешіттер жабылатын болады
Мысыр елінің Уақып министрі елдегі жағдайға байланысты карантин ережелерін дұрыс сақтамаған кез келген мешіттің жабылатынын мәлімдеді. Мухаммад Мухтар Жуманың айтуынша, коронавирусқа қарсы күрес шараларында өз міндетіне салғырт қараған діни қызметкерлерге де шара қолданылатын болмақ.
Сондай-ақ, ол мешіттердің жабылуы құлшылық ордасына келуші жамағаттың бекітілген сақтық шараларын орындамаған жағдайға ғана жүзеге асатынын түсіндірді. «Егер сіздер өздеріңіздің немесе айналадағылардың денсаулығына алаңдаушылық танытып, құлшылықтарыңызды үйде өтеуге ниет етсеңіздер – ешқандай күнәсі жоқ», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Египет жерінде соңғы күндері тәулігіне 1000-ға жуық жанның коронавирусқа шалдыққаны жайлы мәлімет тіркеліп отыр. Осыған байланысты ел билігі қатаң сақтық шараларын енгізді. Енді көшеде бетпердесіз жүргендерге жаңа ереже бойынша 50 египет фунты көлемінде айыппұл салынатын болмақ. Бетперде режимі елдегі барлық мекемелерде, қоғамдық көліктерде, сондай-ақ такси ішінде де сақталуы тиіс.
Дереккөз: Muslim.kz