Маңғыстау: Ұлық айда 10 мыңнан астам отбасына көмек берілді

08 маусым 2020 5478 0
Оқу режимі

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Маңғыстау орталық Бекет ата мешітінде имамдар мен мешіт қызметкерлерінің басқосуы болып өтті. Облысымыздың бас имамы Әнуар Елжанов елімізде жарияланған төтенше жағдайға дөп келген рамазан айында атқарылған істерді қорытындылады.

Карантин кезінде облыс мешіттерінің есіктері жабық болғанымен, сауап есіктері ашылып, бірқатар қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Мешіт қызметкерлері үйде жұмыс істеу тәртібіне көшірілсе де, іс-шараларға белсене атсалысқан. Әнуар Ізімбайұлы өз ісіне адалдықпен қарап, асыл дініміз жолында аянбай тер төгіп жүрген мешіт қызметкерлеріне алғыс айтты. 

- Биылғы жылғы рамазан бұрынғылардан өзгерек болды. Карантин Аллаға деген құлшылығымызды күшейтпесе, әлсіреткен жоқ. Маңғыстау облыстық мешітінде үш қари күн сайын Құран хатымнан бір пара оқып, инстаграм парақшасында үш қари үш хатым түсірді. Сонымен қатар, мешіттің тұрақты жамағаттары үйлерінде отырып, бір күнде бірнеше рет Құран хатым оқып, шәкірттердің бірі рамазан айында толықтай 80 рет Құран хатым шығарған. Көптеген шәкірттер ара қашықтықта жаттаған сүрелерін ұстаздарына тапсырды. Облыс мешіттерінде тіркелген мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіліп, азық-түлік таратылды. Орта есеппен 5 мыңнан астам аз қамтылған отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік жеткізілді, - дейді ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы бас имамы Әнуар Елжанов. 

Қасиетті айда мейірімділік көрсетіп, жомарттық танытқан жергілікті кәсіпкерлер аз болмаған. Ал, мешіт қызметкерлері мен еріктілер тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, көмекті үйді-үйге жеткізген. Өңіріміздің бас имамы бірқатар қызметкерлердің ерен еңбегін атап өтіп, марапаттады. Осы орайда, имамдар атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ұтымды ұсыныстарды алға тартқандар да болды. 

- Облыс мешіттерінде тіркелген отбасылардың ортақ базасын жасақтау керек. Мұқтаж жандардың жалпы тізімін жасап, қайырымдылық шараларын жүйелі түрде ұйымдастыру керек. Қазір барлық мешіттердің қайырымдылыққа жауапты жетекшілерін бір топқа біріктіру қолға алынуда, - дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің наиб имамы Іздібай Қобланов. 

Облыс мешіттерінде төтенше жағдайда өткен ораза кезінде намаз оқылмаса да, жамағатпен онлайн байланыс орнатылып, қадірлі айдың қадір-қасиеті, жалпы асыл дініміздегі сауап мен парыз, имандылық мен мейірімділік қағидаттары айтылды. Телефон байланысы

және әлеуметтік желілер арқылы келген рамазан айы жайындағы барлық сұрақтарға жауап беріліп, түсінік жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Имамдар тұрғындарға ел басына түскен сынақты сабырлықпен көтеріп, карантин ережелеріне бағынып, сын сағаттарда ауызбіршілік пен шыдамдылықты сақтап, жалған мәліметтерге ермей, қиындықтан бірге өтудің маңыздылығын онлайн уағыздарда барынша түсіндірді. Сондай-ақ, "Маңғыстау", "Ақтау" телеарналарында "Рамазан уағыздары" және "Рамазан дәрістері" бағдарламалары жүргізіліп, имамдар қасиетті айдың қадір-қасиеті туралы толық мағлұмат берді. Осы айда 100 отбасының жанұялық мәселеге қатысты кеңестер беріліп, әлеуметтік желілерде 3 мыңдай сұраққа жауап берілген. 

Маңғыстау облысындағы орталық, аудандық және қалалық мешіттерінің және ҚМДБ-ның "Зекет корпоратив қоры" Маңғыстау өкілдігінің ұйымдастыруымен "Жүрек жылуы" қайырымдылық шарасы болып өтті. Шара аясында аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға ҚМДБ Төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасымен, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың кәсіпкерлерге Үндеуімен, маңғыстаулық кәсіпкерлердің қаржысына Қостанай облысынан аймағымызға 1 вагон ұн алынып, 1400 отбасына жоғары сапалы 50 келілік ұн үйді-үйге таратылды. Ал, облыстық Бекет ата мешіті мен "Ұлттық рух" қорының ұйымдастыруымен, "Ораза тартуы" қайырымдылық жобасының аясында рамазан айында 2500 отбасына азық-түлікпен көмек көрсетілді. Имамдар игі шараны дәстүрге айналдырып, жыл сайын қолға алуды жоспарлап отыр. 

Маңғыстау орталық Бекет ата мешіті мен ерікті жастардың ұйымдастыруымен, елдегі жұқпалы індетпен күресте кәсіби шеберлік пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетіп, ерен еңбек етіп жүрген облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері мен Ақтау көшелерінің айнадай таза болуы үшін тер төгіп жүрген тазалық сақшыларына ыстық ас дайындап, қиын да жауапты кезеңде талмай еңбек етіп жүрген мамандық иелеріне жоғары көңіл күй сыйлады. 

Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің жанынан құрылған "Ізгілер жолы" еріктілер тобының ұйымдастыруымен "Жылу сыйла" атты қайырымдылық шарасы болып өтті. Еріктілер денсаулығына байланысты жарымжан атанған 100 жанның үйіне арнайы барып, азық-түлік таратты. Ақтау қалалық Бекет ата мешіті Алланың разылығы үшін аузын бекітіп, қасиетті айда ниет еткен отбасыларға ауызашар таратты. Мешітте ыстық тамақ пен бауырсақ пісіріліп, тәттілер мен сусындар сатып алынды. Ауызашар қалталары Ақтаудағы 20 шағынаудан тұрғындарына жеткізілді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Маңғыстау облыстық орталық мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Ақтаудағы әлеуметтік жатаханада тұратын 100 отбасына ауызашар таратылды. Қайырымдылық шарасына мешіт жамағаты атсалысып, қасиетті айда ниет етіп, аузын бекіткендерге ыстық тағам үйлеріне жеткізілді. Ораза-айт мерекесіне орай, 300-ге жуық балаларға мешіттер атынан сыйлықтар үлестірілді. Имамдар Мұнайлы ауданында тұратын мұқтаж отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, рамазан айында 10 отбасына 10 құдық қазылып берілді. Ораза айында денсаулығы жарымжан бір жанға есту құралы сатып алынды. Көз жанары жарық дүниені көре алмай, жаны жараланған Дариға Дауылбаеваға мешіт қызметкерлері қайырымдылық ұйымдастырып, 8 миллион теңге қаражат жинап берді. Енді Дариға Түркия еліне барып, көзіне ота жасатады. Түркістан облысының Мақтарал ауданында болған төтенше жағдайды еңсеру үшін өңірімізден 85 тонна жүк жіберілді. Облыс мешіттері де бұл шараға белсенді атсалысып, өз үлестерін қосты. 

Еліміздің Бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының облысымызға сапары барысында Жаңаөзен қаласында екі шәкіртке жоғары оқу орнына грант бөлініп, мұқтаж отбасына жаңа үй тапсырылды. Ал, Мұнайлы ауданындағы Миғраж мешітінің жанынан 8 пәтерлік үйдің салынып, мешіт қызметкерлері баспанамен қамтылды. Сондай-ақ, мешіт жанынан басталған спорт кешенінің құрылысы тәмамдалуға жақын.

Жалпы қайырымдылық шараларының аясында облыс бойынша 10 мыңнан астам мұқтаж отбасына азық-түлікпен көмек берілген. Маңғыстау орталық Бекет ата мешіті, Ақтау қалалық Бекет ата мешіті және Жаңаөзен қалалық, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Бейнеу және Маңғыстау аудандық мешіттерінің бас имамдарының ұйымдастыруымен, мешіт қызметкерлерінің бірігуімен өткізілген бұл шараларға 30 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау бойынша облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің қызметі 2020 жылға бекітілген іс-шаралар жоспарының аясында жүргізіліп жатыр. Мешіттердің қызметі - уағыз-насихат, қайырымдылық шараларын өткізу, діни сауат ашу курстарын жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс, имамдардың білімін жетілдіру, оқу-ағарту, діни іс-шаралар мен діни мерекелерді ұйымдастыру бағытында жүреді. Жылдың басынан бері уағыз-насихат өткізу, жамағаттың діни сауат ашу курстарына қатысуын қамтамасыз ету және имамдардың білімін жетілдіру бойынша шаралар жоспарға сәйкес жүзеге асырылған. Көктемгі мезгіл болғандықтан, ағаш, гүл отырғызу жұмыстары қолға алынды. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Оның үстіне Маңғыстау өңірі шөлейтті аймақ болып саналатындықтан, облыс мешіттерінің аулаларына 500-ге тарта ағаш егіліп, гүл көшеттері отырғызылды. 

Соңғы уақытта имамдар мен дін қызметкерлері әлеуметтік желіге назар аударып, белсенділік танытуда. Инстаграмм және фейсбук желілерінде 100-ден аса жарияланым жарық көріп, сайттар мен газет беттерінде 60-тан аса мақала шыққан.

 

Пікірлер Кіру