Маңғыстауға жаңа өкіл имам тағайындалды (ФОТО)
Маңғыстауға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай кажы Тағанұлы жұма күні Маңғыстау облыстық орталық мешітінде «Тақуалық» турасында жұма уағызын айтып, Бас мүфтидің сәлемін жеткізді. Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы, Ақтау қайырымдылық жеке мекемесінің директоры қызметін атқарып келген Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбековтің аталмыш қызметінен босатылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал өнімдерін стандарттау» бөліміне меңгеруші болып тағайындалғанын айтып, бұйрықпен таныстырды.
Алты жылға жуық қызмет еткен, бірнеше кітаптардың авторы, Ғұламалар кеңесінің мүшесі С.Сейтбековке Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфтидің алғыс хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Алты жылдай облыстық мешітте абыроймен қызмет атқарған өкіл имам Смайыл қажы Сүйерқұлұлына жүктелген міндетті абыройлы атқарғаны үшін, мешіт жамағатымен қоян-қолтық араласып, көптеген шәкірт дайындап, өз қызметін жауапкершілікпен атқарғандықтан мешіттің кәсіпкер жамағаттары темір тұлпардың кілтін сыйға тарту етті. Мешіт ақсақалдары атынан сөз алған Бақытжан Илясов аға да бас имамның иығына шапан жауып, ат мінгізді. Смайыл Сейтбеков сөз алып, барша жамағатқа ризашылығын білдірді.
Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти бұйрығымен ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің жаңадан тағайындалған бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Елжановты жамағатқа таныстырып, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұма намазын жүргізіп, намаздан кейін жамағатқа бата берді. Мешіт жамағаттары намаздан кейін Смайыл Сейтбековке сәттілік тілеп, баталарын беріп тарқасты.
Елжанов Ануар Ізімбайұлы
03.01.1979 жылы Түркістан облысы Жетісай ауданы Атамекен ауылында дүниеге келген.
2000-2004 жылдары Шымкент қаласы « Өтес батыр» атындағы медресенің «Исламтанушы, имам хатиб» мамандығын бітірген.
2007-2011 жылдары Алматы қаласы «Нұр-Мүбәрәк Египет ислам мәдениеті» университетін бітірген.
2010 жылы Мысыр Араб республикасы Александрия қаласы «Әбу Бәкір сыддық» атындағы араб тілін дамыту орталығында екі ай білім алған.
2012-2014 Алматы қаласы «Нұр-Мүбәрәк Египет ислам мәдениеті» университеті магистр дәрежесін алған.
2013 жылы Мысыр Араб республикасы Каир қаласы «Ніл» араб тілін дамыту орталығында 6-ай білімін жетілдірген.
2013 жылы Малайзия мемлекеті Куала Террингано қаласы «Сұлтан Зәйнал Әбидин» атындағы ислам университетінде бір ай білім алған.
2004-2006 жылдары Түркістан облысы Шардара ауданы Қазақстан ауылы «Сары-Амангелді» мешітінің бас молдасы қызметін атқарған.
2006-2014 жылдары Алматы қаласы «Заря востока» мешітінің бас имамының міндетін атқарушы болып қызмет еткен.
2014-2015 Алматы қаласы Медеу ауданы «Арафат» мешітінің бас имамы қызметін атқарған.
2015-2017 ҚМДБ Халал Даму ЖШС Алматы қаласы бойынша жауапты өкілі.
2017-2019 ҚМДБ Халал Даму ЖШС директор орынбасары.
2019 жылдан бастап ҚМДБ Халал Даму ЖШС директоры қызметін атқарған.
Отбасылы, 4 баласы бар.
Дереккөз: Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі