Мақтааралдық ағайынға көмек жеткізілді (ФОТО)

12 мамыр 2020 5337 0
Оқу режимі

Осыдан тура бір апта бұрын ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен арнайы жиналыс өткен еді. Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы су апатынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы ағайындарға көрсетіліп жатқан көмек көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын.

Наурызбай қажы Тағанұлы бұл қайырымдылық шарасына өзге аймақтағы имамдармен қоса «Зекет» қорының өкілдері де атсалысуын тапсырған болатын. «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, қайырымдылық шаралары еселене түсті. Әсіресе ҚМДБ өкілдіктері тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көбейіп келеді.

Алматы өңірі өкілдігі Мақтаарал ауданындағы 300 отбасыға қайырымдылық көмек есебінде сомасы 2 млн теңгені құрайтын қажетті заттар мен азық-түлік толтырылған 2 жүк көлігін жіберді.

Шымкент қаласы өкілдігі азық-түлік, киім-кешек және гигиена заттары салынған 16 тонна қажетті заттар, 500 адамға арналған ауызашар пакетін, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 20 шақты қой үлестірді.

Талдықорған өңірі өкілдігі 40 тонна (оның 8 тоннасы – құрылыс заттары, қалғаны азық-түлік т.б) қажетті заттар, одан бөлек 660 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ Талдықорған өңірі өкілдігі мен облыстық жастар басқармасының ұйымдастыруымен мақтааралдық ағайынға 180 мың тонна зат, 1,5 млн теңге көлемінде қаражат жіберілді.

Алматы қаласы өкілдігі «Мақтааралға көмек» қайырымдылық керуенін ұйымдастырды. Тұрмысқа қажетті бұзылмайтын заттар, азық-түлік жіберілді. 300 отбасыға 50 келілік қайырымдылық пакеті үлестірілді. Мақтааралға жалпы көлемі 25 тоннаға жуық жүк жеткізілді.

Маңғыстау облысы өкілдігі 2 фура үлкен жүк көлігі, 12 газель көлігімен көмек жеткізді. Оларға жолай Жаңаөзен қаласынан 1 фура мен 8 газель автокөлігі қосылды.

БҚО өкілдігі 37 тонна (20 тонна азық-түлік, 11 тонна шаруашылық заттары, 6 тонна киім-кешек) болатын 15 газель көлігін жіберді.

Павлодар облысы өкілдігі халықтан көмек жинап, мақтааралдықтарға 7 газелге тиелген көмек (азық-түлік, гигиеналық затыр, қажетті тауарлар т.б) жіберді.

Дереккөз: "Зекет" қорының баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру