МҮФТИЯТ ЖАСТАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ДІНИ ЛИДЕРЛЕР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

09 қазан 2024 682 0
Оқу режимі

Бүгін елордасы Астанада «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогты нығайтудағы рөлі» тақырыбына арналған алғашқы Жас діни лидерлер форумы өтті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясында ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 30-дан астам елінен келген делегаттар қатысып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Форумды ашқан ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. Онда Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынғанын атап өткен. Бұл бастаманы делегаттар бірауыздан қолдады. Қазір осы бағытта бірқатар игілікті іс табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Жас діни лидерлер форумы.

Форумға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен мүфтият жастарының да қатысқанын айта кеткен жөн. Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Ерболатұлы баяндама жасап, әлемнің әр түкпірінен келген жас діни лидерлерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атқарып отырған іргелі істерді хабардар етті.

«Халқымыз «Бірлік түбі – береке», «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік», «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бірлік пен бауырластықтың  қоғамның барлық саласында да  маңыздылығына мән берген.

Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді» деді сектор меңгерушісі.  

Айта кетейік, форумда жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданып, алдағы ортақ жұмыстың басым бағыттары белгіленді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру